Аға криминалист Ұлжан Оразалиева: Қылмысты ашу үшін «қиын жұмбақты» шешуге тура келеді

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда полиция қатарында қызмет ететін қыз-келіншектер аз емес. Соның бірі – қалалық полиция басқармасы жедел криминалистика тобының аға криминалисі Ұлжан Оразалиева. Ұлжан ҚазАқпарат тілшісіне таңдаған мамандығы, атқаратын қызметі туралы айтып берді.

Ол полиция қызметкері болуды 7-сыныптан бастап армандағаны.

«Мектепте оқып жүргендегі арманым – полиция қызметкері болу. Мектептің 7-сыныпта оқитын кезім еді. Теледидардан погон таққан қыздар туралы хабарды көріп отырып, қатты қызықтым. Алайда, ата-анам полиция қызметінің қыздар үшін қиын жұмыс екенін айтып, басқа мамандық таңдауға үгіттеді» -дейді Ұлжан Оразалиева.

Мақсатына жетуді көздеген өжет қыз 2012 жылы ҚР Ішкі істер министрлігінің Алматы академиясына құжат тапсырған.

«Академияға оқуға түскенде криминалист мамандығын таңдадым. Осы мамандықтың өзгешілігі, ғылымның әр түрлі саласын біліп, ұдайы ізденіске толы қызметі қызықтырды. Ал, қылмысты ашу үшін криминалист маңызды рөл атқарады. Өйткені, ол жедел-тергеу тобында тергеушіден кейінгі екінші орында тұрады. Қылмыс болған орынға барған криминалист-сарапшы қылмыс жасаған күдікті туралы ақпараттар жинау үшін сағаттар бойы әр заттан саусақ, аяқ киім іздерін шұқшия іздейді. Оны таппай тыншымайды. Оқиға орнында қалған мата қиындысы, түйме, кез-келген қағаз қалдығын шашау шығармай жинап алады. Дактилоскопиялық пленкаға із қалдырады» -дейді аға криминалист.

Ұлжан Оразалиева ішкі істер органдарындағы еңбек жолын Мақат аудандық полиция бөлімінде криминалист болып бастаған. Атқаратын қызметінтің қыр-сырын тәлімгері болған аға криминалист, полиция майоры Жасқайрат Қалдыбаевтан үйренген.

«Мақат ауданында 2017 жылы пәтер ұрлығы болды. Жедел тергеу тобының құрамында оқиға орнына мен де бардым. Оқиға орнын қарау кезінде бірнеше саусақ, аяқ ізі алынды. Дактилоскопиялық сараптама қорытындысымен алынған із ішкі істер органдарында есепте тұратын азаматтың ізіне сәйкес келді. Тергеп-тексерулер нәтижесінде оның қылмысқа қатысы дәлелденіп, іс сотқа жіберілді. Осылайша, қылмыстың ізі суымай ашылуына криминалист маман ретінде өз үлесімді қосқаныма қуандым» -дейді полиция қызметкері.

Тағы бірде дүкен ұрлығын ашуға қатысқан. Ұрлық жасалған орыннан көп із табылған.

«Соның ішінен әйелдің киім-кешектері мен опа-далаптарынан алынған іздер күдік тудырды. Көп ұзамай, қылмыс жасаған азаматша ұсталды. Күдікті тергеу кезінде қылмыс жасағаын мойындады. Жалпы, күнделікті жұмыс кезінде криминалистерге қылмысты ашуға көмектесетін «қиын жұмбақтарды» шешуге тура келеді. Ал, бұл оңай емес. Сондықтан, криминалистер ғылымдағы соңғы жаңалықтарға ден қойып, оқу-білімді әркез жетілдіріп отырады» -деп мамандығына қатысты ойымен бөлісті Ұлжан Оразалиева.

Өз ісін жетік білетін аға криминалист биылғы жыл басынан бері 200-ден аста оқиға орнына барған. Оқиға орнында 100-ден астам зерттеу жүргізіп, ондаған қылмыстың ашылуына тікелей септігін тигізген. Сондай-ақ, бірнеше рет тергеу іс-әрекетіне маман ретінде қатысқан.

«Ішкі істер органдарында қызмет атқарып, криминалист мамандығын таңдағаныма еш өкінбеймін. Өйткені, криминалист – күрделі әрі ерекше мамандық. Қазір менде бір ғана мақсат бар. Бұл – облыстық полиция департаменті жедел криминалистика басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Николай Михайловский секілді өз ісін жетік меңгерген іскер маман болу», -дейді ол.

Табандылығымен, ізденімпаздығымен әріптестерінің құрметіне бөленіп, мақтанышына айналған криминалист қыз қызметтен тыс уақытын бос өткізбейді.

Спортпен айналысып, кітап оқығанды ұнатады.

Ал, демалысы кезінде ата-анасына көмектесіп, қонақ шақырып, дастархан мәзірін дайындағанды жақсы көреді.


Соңғы жаңалықтар