Агроөнеркәсіп кешені ғана еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ете алады - Бектаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сайлау науқанында «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы нақты ұсыныстарды алға тартатын болады. Бұған 120 мыңнан астам респондент қатысатын «Ел аманаты» жалпыұлттық сауалнамасы негіз болады. Бұл туралы «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы саяси кеңесінің отырысында партия төрағасы Әли Бектаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Коронавирус індеті кезінде адамдар қымбат көлік пен дүние-мүліктің қажеті жоқ екенін түсінді. Агроөнеркәсіп кешені, азық-түлік, өндірістік қауіпсіздік алдыңғы орынға шықты. Адамдарға ең алдымен қауіпсіз, таза азық-түлік керек. Агроөнеркәсіп кешені ғана еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ете алады. «Ауыл» партиясы сайлауға қатысуы керек, себебі бұл - аграрлық мәселелер, ауыл тұрғындарына қатысты проблемаларды шешуге атсалысып жүрген жалғыз партия. Өзіміз жинаған тәжірибе бар. Ауыл шаруашылығына қатысты шешімі табылмаған көп мәселе бар екені белгілі», - дейді партия төрағасы Әли Бектаев.

Оның айтуынша, сайлауалды үгіт-насихат науқанында бұл партия нақты іс жүзінде ұсыныстар айтады.

«Егер біздің адамдар Парламент және мәслихатта болса, бұл мәселелерді қандай жолмен көтеруге болатынын білеміз. Сол себепті сайлауалды науқанда біз нақты ұсыныстар айтамыз. Бұған 120 мыңнан астам респондент қатысатын «Ел аманаты» жалпыұлттық сауалнамасы негіз болады», - дейді ол.

Соңғы жаңалықтар