Ағылшын тілі Еуроодақтың ресми тілі болып қала бере ме? - Әлемдік баспасөзге шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей назарларыңызға әлемдік баспасөзге шолуын ұсынады.

Таиландта қарулы сарбаз қолынан 26 адам қаза тапты - Bangkok Post


Таиландта қарулы сарбаз Накхонратчасима қаласының тұрғындарына оқ жаудырып, 26 адам қаза тапты. Соңғы мәліметтерге қарағанда, 50-ден астам адам жарақат алған, деп хабарлайды Bangkok Post .

Басылымның жазуынша, сарбаз арнайы операция кезінде атып өлтірілген.

«Қақтығыс жергілікті уақыт бойынша түнгі сағат 3.30-да басталған. Сарбаз алдымен өзінің командирі мен тағы екі адамға оқ жаудырған. Сонымен қатар әскери лагерь аумағында 63 жастағы әйел мен бір әскери қызметкер өлтірілген», - деп жазады басылым.

Оқиға орнына Таиландтың премьер-министрі Прают Чан-Оча барды және мұндай жағдай енді қайталанбауы керек екенін айтты.

Сарбаз Чакрапант Томма сауда орталығына тығылмақ болмақ. Полиция оны сол жерде атып өлтірді.

Сарбаз қаладағы бірнеше объектіде оқ жаудырған. Сонымен қатар ол өзінің әрекетін Facebook арқылы тікелей эфирде көрсеткен.

Полицияның хабарлауынша, арнайы операция кезінде жүздеген адам құтқарылып, кепілге алынған 8 адам босатылды.


Британ университеттері оқу жылын шегерген студенттерге ақша төлеп жатыр - The Times


Британия университтеттері оқу жылын бір жылға шегерген студенттерге мың доллардан астам қаражат төлемек. Мұндай шешім университеттерге тым көп адам түскендіктен қабылданып отыр, деп жазады The Times .

Басылымның жазуынша, Ұлыбританиядағы 24 элиталы университет оқуға бос орын санынан да көп адам қабылдағандықтан оқу жылын бір жылға шегерген студенттерге ақша төлейтінін мәлімдеген.

Басылымның ресми сауалына жауап берген университтеттердің бірі медицина мамандығына оқуға түскен 260 адамның әрқайсысына 2 мың доллардан астам қаражат ұсынып, оқу жылын шегеруді сұрағанын айтқан. Ал медбике ісі бойынша оқуға түскен 59 абитуриентке мың доллардан ұсынылған. Дегенмен, университеттердің мұндай ұсынысын қабылдап жатқандар аз.

2018 жылы Манчестер университеті 190 адамға оқуды кейінге шегеруі үшін мың доллардан астам ақша төлемек болған. Биыл мұндай ұсынысты айтқан университеттер саны артып отыр.

«Студенттер университеттің адам қабылдауға шығынданып, ғылыми зерттеу мен оқуға аз қаржы бөліп жатқанына наразы. Ал студенттердің ұлттық кеңесі университеттер студентті оқуға қабылдаған кезде өздерінің ресурсы жететініне кепілдік беруі тиіс екенін айтты», деп жазады басылым.


Неліктен ақшамыз келесі жалақыға дейін жетпей қалады? - Le Figaro


Көпшілігімізде жалақыға бір апта қалғанда ақша дефициті пайда болады. Бұл неліктен болады? Оған кім кінәлі? Бюджеттің мұндай жағдайына не әсер етеді және мұны қалай өзгертуге болады? Le Figaro осы сұрақтарға жауап іздеді.

«Бюджеттің мұндай хаосы қаржылық проблеманы емес, эмоционалды проблеманы көрсетеді. Біздің ақшаны табуымыз және жұмсауымыз ойлау қабілетімізге байланысты», деп жазады автор.

Оның айтуынша, кез келген адамның ақшаға деген қарым-қатынасы - психологиялық мұраның нәтижесі.

«Ақшаға келгенде ата-ананың өмір сүру деңгейін ескеру керек. Олардың қаржылық әрекеттері мен тәжірибесі балаға міндетті түрде әсер етеді», деп жазылған мақалада.

Авторға сенсек, адамдар бақылаусыз шығынның көзі саналатын эмоциялардан арылмай, ештеңе өзгермейді.

«Ең алдымен әрекеттеріміздің типін анықтау керек. Оның төрт түрі бар. Біріншісі - банк есепшоттарына қарамайтын, қаржысының жиналуына мүмкіндік жасайтын, квитанцияларына қарамастан оларды лақтырып жіберетін адам. Екіншісі - материалдық нәрсені маңызды санамайтын монах. Ол банк есепшотының емес, өзінің адами қасиеттеріне көбірек алаңдайды. Үшіншісі - ойланбай сауда жасайтын, бір күнмен өмір сүретін адам. Төртіншісі - әр шығынын есептеп, көбірек үнемдеп жүріп ақша жинайтын адам», деп жазады автор.

Оның айтуынша, осы төрт типті орынды пайдаланып, тең ұстауға ұмтылу керек.

«Ай сайын табыстың 55 пайызын міндетті шығындарға, 5-10 пайызын сыйлық пен қайырымдылыққа жұмсау керек. 10 пайызын жинап, 5-10 пайызын білімге, тағы осынша қаржыны көңіл көтеруге немесе демалысқа бөліп қою керек», деп жазады автор.


Брекситтен кейін ағылшын тілі Еуроодақтың ресми тілі болып қала бере ме? - Le Monde


Ұлыбританияның Еуроодақтан шығуы Еуроодақта ағылшын тілінен гөрі француз тілінің басымдығына алып келеді, деп жазады Le Monde басылымы.

«Еуроодақ пен Еурокомиссияда құжат айналымының 90 пайызы ағылшын тілінде жүргізіледі. Ал Ұлыбритания Еуроодақтан шыққаннан кейін бұл жағдай қалай өзгереді? Брекситтен кейін Еуроодақ азаматтары сөйлейтін тілдер тізімінде ағылшын тілі 17-орынға түсіп қалатынын ескерсек, бұл жағдай өзгерусіз қалуы мүмкін бе?», деп жазады басылым.

Автордың айтуынша, ағылшын тілі Еуроодақтан мүлдем жоғалып кетуі мүмкін емес, себебі бұл үлкен тәртіпсіздікке алып келеді. Сонымен қатар Еуроодақтың тұтастығы жойылып, оның басқа әлемге ашықтығы да жоғалады.

«Дегенмен, тілдер арасында баланс болуы керек. Яғни, ағылшын тілінен мүлдем бас тартпай, Еуроодақ халқының 130 миллионы сөйлейтін француз тіліне де басымдық берілуі тиіс. Сонымен қатар Еуроодаққа мүше 27 мемлекеттің 19-ы француз тілін білуді қажет ететінін де ескерген жөн», деп жазады автор.

Оның айтуынша, Еуроодақ шенеуніктеріне өз туған тілінен бөлек ағылшын және француз тілін білуді міндеттеуі керек. Сонымен қатар ресми мәтіндерді халықтың көпшілігі сөйлейтін тілде жариялау мәселесін реттеген жөн.


Еуропада ақшаны тұрғын үйге емес, саяхатқа жұмсағысы келетіндер артты - Stern


15 мемлекетте жүргізілген сауалнама нәтижесі көрсеткендей, дамыған батыс елдерінің көбінде адамдар тұрғын үй сатып алғысы келмейді. Оның орнына олар ақшасын саяхатқа жұмсағанды жөн көреді, деп жазады Stern журналы.

Ipsos маркетингтік зерттеулер институты жүргізген сауалнамаға 15 мың адам қатысқан.

«13 мемлекеттегі еуропалықтардың 70 пайызы жер немесе үй сатып алудың қиындап кеткенін айтады. АҚШ-та респонденттердің 59 пайызынан астамы тұрғын үй сатып алудың қиындығын атап өткен. Аустралияда бұл көрсеткіш - 75 пайыз», деп жазадц басылым.

Респондеттер неше жасқа келгенде тұрғын үй сатып аласыздар деген сұраққа олардың 43 пайызы ешқашан үй алмайтынын айтып жауап берген.

Сауалнамаға қатысқан адамдардың көбі жылжымайтын мүлік алуға басымдық бермейді. Көпшілігі тұрғын үй керек екенін айтса да, бұл мақсатта ақша жинамайтынын айтқан. Олар мұның орнына ақшаны саяхатқа, сүйікті ісіне, оқуға жұмсауды жөн көретінін атап өткен.

«Еуропалықтардың 54 пайызы ақшаны тұрғын үйге емес, саяхатқа жұмсағанды жөн көреді», деп жазады автор.


Соңғы жаңалықтар