Аида Балаева: Азаматтық қоғам халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға атсалысуы керек

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат– Азаматтық қоғам институттары халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға атсалысуы керек. Бұл туралы «Қоғамдық сенім және әлеуметтік капитал» атты халықаралық онлайн конференция барысында Аида Балаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Халықаралық конференция қатысушылары мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам арасында сенімді қарым-қатынас орнату үшін әлуметтік капиталдың ықпалы мен осы үдерісті тежеп отырған мәселелерді көтерді.

«Елбасы белгілеп берген «Рухани жаңғыру» бағдарламасының басымдықтары мен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындап берген «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының басты мақсаттарының бірі – қоғамдық сананы жаңғыртып, елімізде жаңа саяси мәдениетті қалыптастыру және өзара орнықтыру. Сонымен қатар, Президент бастамасымен құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кенесі бүгінгі таңда халық пен мемлекет арасындағы алтын көпірге айналып, қоғамның билікке деген сенімін арттыруға ықпал етіп отыр. Бұл жобалар дала данышпандары Абай мен әл-Фарабидің рухани мұраларына адалдығымызды айғақтайды»,– деді Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев.

Өз кезегінде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева бұл шараның университет қабырғасында өтуі кездейсоқ емес екенін атап өтті.

«Алматы менеджмент университеті - азаматтық қоғамның дамуы мен әлеуметтік әріптестіктің нығаюына ерекше үлес қосып отырған білім ордасының бірі. Азаматтық қоғам институттары халықтың әлеуметтік экономикалық жағдайын жақсартуға қатысуы керек. Бұл маңызды. Мұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында атап өтті. Президент халықтың мемлекетке деген сенімін арттыру, «Халық үніне құлақ асатын» тұжырымдамасы арқылы мемлекетті қалыптастыру міндеттерін алға қойды»,– деді Аида Балаева.

Сонымен қатар, ол биыл Мемлекет басшысының жарлығымен Қазақстан Республикасында азаматтық қоғамды дамыту концепциясы бекітілгенін жеткізді.

«Құжат мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы өзара қарым-қатынастың басты басымдықтары мен міндеттерін, елдегі әлеуметтік әріптестікті дамытудың тетіктерін айқындайды»,– деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі.

Айта кетейік, Алматыда «Қоғамдық сенім және әлеуметтік капитал» атты халықаралық онлайн конференция өтіп жатыр.


Соңғы жаңалықтар