Аида Балаева жастардың дамуына қандай жағдай жасалатынын айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жастарға сапалы және қолжетімді білім беру, жұмысқа орналастыру және тұрғын үймен қамтамасыз етуге екпін қойылады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасының мақсатын түсіндіру кезінде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Үшінші бағыт – «Тәуелсіздік ұрпақтары» деп аталды және еліміздің жастарына арналады. Өздеріңіз жақсы білесіздер, биыл Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында туған балалар 29-30 жасқа келіп жатыр. Сөз жоқ, бұл жастар – егемен елдің төл ұрпағы ғана емес, болашақ үміті, ертеңгі иесі болып саналады. Сондықтан оларды мемлекеттік тұрғыдан қолдап, жағдай жасау – осы Жобаның негізгі мақсаттарының бірі. Ол жастардың рухани кемелденіп, кәсіби жетілуін көздейтін үш ауқымды міндетті қамтиды», - деді А. Балаева.

Атап айтқанда 2025 жылға дейін:

- жастардың базалық сұраныстарын шешу. Яғни, сапалы және қолжетімді білім беру, жұмысқа орналастыру және тұрғын үймен қамтамасыз ету;

- жастардың жан-жақты дамуына құқықтық жағдайлар жасап, рухани-адамгершілік және отбасылық құндылықтарға баулу;

- жастарды қоғамдық пайдалы істерге тартып, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиесіне жаңа мүмкіндіктер ашу.

«Бұл мәселелерді шешу үшін 15 үлкен жоба қолға алынып, нәтижесінде 8 нақты көрсеткішке жететін боламыз», - деді министр.

Нәтижесінде, кемінде 800 мың жас тұрғын үй жинақтары жүйесін пайдалана алады, 1 млн-ға жуық жас қазақстандық әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз етіледі, 1,5 млн-ға жуық жастар спорттық және экологиялық жобаларға тартылатын болады.

Бұдан бұрын хабарланғандай, А.Балаева «Ұлттық рухани жаңғыру» Ұлттық жобасының негізгі мақсатын айтты. Ұлттық жобадағы екінші бағыт«Ел Рухы» деп аталады және мәдениет саласында қызметтердің қолжетімдігін арттыру бойынша іс-шаралар кешенін қамтиды. Сонымен қатар министр мемлекеттік тілге қоғамның сұранысы артып келе жатқанын атап өтті.


Соңғы жаңалықтар