Әкімдер ел басшылығының тапсырмасын сүлесоқ орындап отыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Әкімдер ел басшылығының Жер қоры туралы бірыңғай мәліметтер базасын құру тапсырмасын сүлесоқ орындап отыр. Бұл туралы онлайн брифинг барысында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Стратегия және жедел басқару департаментінің басшысы Нұрлан Жақсымбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде Қазақстанда мемлекеттік қызметтердің 88 пайызы электронды түрде көрсетіледі. Бір қарағанда, қомақты көрсеткіш. Бірақ, бизнес үшін жоғары жемқорлық тәуекелдер нақты мемлекеттік органдар қағаз түрінде ғана көрсететін қалған 12 пайыз қызметтерде жатыр. Ең алдымен олар: жер қатынастары, сәулет, құрылыс және ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге субсидия беру кезінде ауыл шаруашылығы», - деді ол.

Оның атап өтуінше, бос жер учаскелері туралы ашық мәліметтердің болмауы үлкен проблемаға айналған. Себебі бұл қазақстандық және шетелдік инвесторлар үшін бизнес-жобаларын жоспарлаудағы маңызды мәселенің бірі саналады.

«Ел басшылығының бірнеше рет Жер қоры туралы бірыңғай мәліметтер базасын құруды тапсырғанына қарамастан әкімдіктер әлі күнге дейін бұл тапсырмаға өте сүлесоқ қарап келеді. Өңірлерде құрылған геопорталдар ашығын айтқанда инвесторлар үшін мүлдем пайдасыз», - деді Нұрлан Жақсымбетов.

Оның атап өтуінше, кәсіпкерлер тарапына табиғи монополиялар субъектілерінің қызметіне қатысты да шағым көп. Бизнесін енді бастаған әрбір кәсіпкер су, жылу, газ тартуда қиындықтарға тап болып жатады.


Соңғы жаңалықтар