Әкімдер мемлекеттік сатып алуда жергілікті үлесті арттыра алмай отыр – Асқар Мамин

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин мемлекеттік сатып алудағы жергілікті үлес бойынша облыс басшылары әлі күнге дейін тиісті деңгейде жұмыс жүргізбегенін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бюджет бойынша жоспар өткен және биылғы жоспарға қарағанда асыра орындалды. Алайда кейбір бюджет бағдарламаларының әкімшілері қаражатты игермеген. Игерілмеген қаражаттың көбі Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінде – 1,5 млрд теңге, Мәдениет және спорт министрлігінде 1 млрд теңге, Индустрия және сауда министрлігінде 1 млрд теңге. Өңірлер арасында Алматы қаласы мен облысы, Түркістан, ШҚО және Қарағанды облыстарында, БҚО, Ақмола облыстары бар. Жыл соңына дейін екі ай ғана қалды. Әлихан Асханұлы, бюджет қаражатының игерілуін бақылауға алыңыз», - деді Асқар Мамин.

Премьер-министр сонымен бірге мемлекеттік сатып алудағы жергілікті үлес бойынша облыс басшылары әлі күнге дейін тиісті деңгейде жұмыс жүргізілмегенін мәлім етті.

«Осының салдарынан жергілікті үлес бойынша көрсеткіштер төмен болғанын көріп отырмыз. Сонымен қатар, Қызылорда, Павлодар және Түркістан облыстарының көрсеткіштері жаман емес екенін атап өту керек. Осы ретте Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Қаржы министрлігі көрсеткіштері төмен әкімдіктермен мемлекеттік сатып алу бойынша семинарлар өткізуі қажет», - деді Премьер-министр.

Еске сала кетсек, бүгінгі Үкімет отырысында Асқар Мамин қай министрліктер бюджетті игере алмай жатқанын айтқан болатын.

Соңғы жаңалықтар