Әкімдер өз пиары үшін конкурс жариялай алмайды – Аида Балаева мемлекеттік тапсырыстағы жаңа әдістер туралы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева мемлекеттік ақпараттық тапсырыстың маңызы мен жаңа әдістері туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекеттік ақпараттық тапсырыс – халыққа маңызды ақпарат жеткізу үшін қажет шара. Бұл кейбір БАҚ-қа қызықсыз болуы мүмкін, алайда халық мемлекеттік бағдарламалар, жеңілдіктер және тағы басқа реформалар туралы білуге тиіс. Сол себепті мемлекеттік тапсырыс, ең алдымен, халық мүддесі үшін жасалады», - деді Аида Балаева «Sputnik Қазақстан» порталына берген сұхбатында.

Министр мемлекеттік ақпараттық тапсырыс аясында ақпарат саласындағы жаңа жобаларға да қолдау көрсетілетінін атап өтті.

«Бұдан бөлек, отандық продакшн-индустрияға ақша құйылады. Ал бұл бәсеке артып жатқан нарықтың дамуына оң әсер етеді. Тағы бір оң өзгеріс – шетелдік контентке тәуелділіктің азаюы. Мемлекеттік емес БАҚ-қа ақпараттық тапсырыс аясында бөлінген қаржы ішінара мемлекеттік тілді насихаттауға бағытталған. Ал бұл мемлекеттік тілде көрсетілетін телехикаялар мен деректі фильмдердің, түрлі жобалардың санын арттырады», - дейді А. Балаева.

Сонымен бірге, Ақпарат министрі мемлекеттік тапсырыстың әлсіз тұсы – республикалық және өңірлік деңгейде бірыңғай мемлекеттік ақпараттық саясаттың жоқтығы екенін баса айтты.

«Бірақ біз заңнаманы жетілдіріп, мемлекеттік ақпараттық тапсырыс аясында жаңа әдістер әзірледік. Мысалы, республикалық және өңірлік деңгейде мемлекеттік ақпараттық тапсырыс қалыптастырудың бірыңғай әдісі енгізілді. Яғни, мемлекеттік ақпараттық тапсырыс орталықтан бөлініп, оны Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қадағалайды. Бұл бірыңғай тақырыптық бағытты ұстануға, өңірлерге қаржының тең бөлуіне сеп болып, конкурстарға біліксіз компаниялардың қатысуына жол бермейді.

Мәселен, әкімдер енді өз пиары үшін конкурс жариялау мүмкіндігінен айырылады. Немесе, мысалы, сыбайлас жемқорлыққа мейлінше тосқауыл қойылады – өңірлерде еншілес компанияларды мемлекеттік ақпараттық саясатқа шығара алмайды. Біздің міндет мемлекеттік ақпараттық тапсырысты барынша ашық әрі тиімді ету, біз әзірлеген шаралар осы мақсатқа жетуге көмектеседі», - деп түсіндірді Аида Балаева.

Бұған дейін Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева журналистердің біліктілігін арттыру үшін қандай шаралар жасалғанын айтқан еді.

Соңғы жаңалықтар