Әкімшілік әділет. Талап қою түрлері және сот шешімі

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Елімізде сот қызметіне серпін беретін Қазақстан Республикасының жаңа Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі қабылданды. Қызылорда облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Медетбек Сарсенов қазіргі таңда Әкімшілік рәсімдік іс жүргізу заңнамасын қалыптастыру аясында атқарылып жатқан жұмыстар турасында айтып берді.

ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі (ӘРПК) 2020 жылғы 29 маусымда қабылданып, 2021 жылы 1 шілде де күшіне енеді.

Аталған заңнамаға сәйкес сотта қаралатын істер әкімшілік іс деп аталады.

Әкімшілік іс талап қою негізінде қозғалады.

Талап қою сотқа жазбаша немесе электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған электрондық құжат нысанында беріледі.

Әкімшілік сотқа келесі талап қоюлар берілуі мүмкін: дау айту туралы, мәжбүрлеу туралы, әрекет жасау туралы және тану туралы.

Аталған талап қоюларға жеке-жеке тоқталсақ:

1. Дау айту туралы талап қою бойынша талап қоюшы өзінің құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделерін бұзатын, яғни ауыртпалық түсіретін әкімшілік актінің толық немесе оның бір бөлігінің күшін жою талабын қоюға құқылы.

2. Мәжбүрлеу туралы талап қою бойынша талап қоюшы қабылдануынан бас тартылған не әкімшілік органның, лауазымды адамның әрекетсіздігі себебінен қабылданбаған әкімшілік актінің қабылдануын талап етуі мүмкін.

Сонымен қатар, осындай талап қоюда талап қоюшы жауапкердің ауыртпалық түсіретін әкімшілік актіні қабылдамау міндеті туралы талап қоюы мүмкін.

3. Әрекет жасау туралы талап қою бойынша талап қоюшы белгілі бір әрекеттер жасауды немесе әкімшілік актіні қабылдауға бағытталмаған әрекеттерді жасамауды талап етуі мүмкін.Әрекет жасау туралы талап қою бойынша талап қоюшы заңда белгіленген мерзімде әкімшілік актінің қабылданбауы салдарынан әкімшілік акт қабылданды деп танылған жағдайда заңда көзделген сол нысана бойынша тиісті құжатты беруді де талап етуі мүмкін.

4. Тану туралы талап қою бойынша талап қоюшы қандай да бір құқықтық қатынастың бар немесе жоқ екенін тануды талап етуі мүмкін.

Тану туралы талап қою бойынша талап қоюшы заңды күші жойылған, ауыртпалық түсіретін әкімшілік актіні заңсыз деп тануды талап етуі мүмкін.

Талап қоюшы даулы қатынастарды қысқа мерзімдерде орнатуға жеткілікті дәрежеде мүдделі, яғни құқықтық, моралдық немесе материалдық сипаты болған жағдайда тану туралы талап қою беруі мүмкін.

ӘРПК-тің 136-бабына сәйкес талап қою сотқа келесі мерзімде беріледі.

Дау айту және мәжбүрлеу туралы талап қоюлар сотқа дейінгі тәртіпте шағымды қарайтын жоғары тұрған органның шағымды қарау нәтижелері бойынша шешімі табыс етілген күннен бастап бір ай ішінде сотқа беріледі.

Егер заңда сотқа дейінгі тәртіп көзделмеген немесе шағымды қарайтын жоғары тұрған орган болмаса, талап қою даулануға жататын әкімшілік акт табыс етілген күннен бастап немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен назарына жеткізілген кезден бастап бір ай ішінде беріледі.

Әрекет жасау туралы талап қою адамға әрекеттің жасалғаны туралы мәлім болған, сондай-ақ әрекет жасау үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзім өткен күннен бастап бір ай ішінде сотқа беріледі.

Тану туралы талап қою сотқа даулы құқықтық қатынас туындаған кезден бастап бес жыл ішінде беріледі.

Заңды күші жоқ, ауыртпалық түсіретін әкімшілік актіні заңсыз деп тану туралы талап адамға осы акт арқылы оның құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері бұзылғаны туралы мәлім болған күннен бастап үш ай ішінде берілуі мүмкін.

Сот орындаушысының атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) талап қою әрекет жасалған (әрекет жасаудан бас тартылған) күннен бастап немесе сот орындаушысының әрекет жасау уақыты мен орны туралы хабарланбаған өндіріп алушыға немесе борышкерге ол туралы белгілі болған күннен бастап он жұмыс күні ішінде сотқа беріледі.

Құқықтары, бостандықтары және заңды мүдделері әкімшілік актіде қозғалатын, әкімшілік рәсімге қатыспаған адам әкімшілік актінің қабылданғаны туралы білген немесе білуі тиіс болған күннен бастап бір ай ішінде, бірақ акті қабылданған күннен бастап бір жылдан кешіктірмей сотқа талап қоюды беруге құқылы.

Шағымды қарайтын жоғары тұрған органға шағым берген адам шағым бойынша шешім табыс етілген кезден бастап бір ай ішінде немесе шағым бойынша шешім қабылданбаса, осы шағымды қарау мерзімі өткен соң, талап қоюмен сотқа жүгінуге құқылы.

Талап қоюды сотқа беру мерзімін өткізіп алу себептері мен олардың мәнін сот алдын ала тыңдауда анықтайды.

Талап қоюды сотқа беру мерзімін дәлелді себепсіз өткізіп алу, сондай-ақ сотқа жүгінудің өтіп кеткен мерзімін қалпына келтіруден бас тарту талап қоюды қайтару үшін негіз болады.

Сот талап қоюды мәні бойынша қарау нәтижесінде шешім қабылдайды.

Шешім ауызша талқылау аяқталған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмей дайындалады. Айрықша жағдайларда әкімшілік істің күрделілігі ескеріле отырып соттың шешімі ауызша талқылау аяқталған күннен бастап бір айдан кешіктірілмей дайындалуы мүмкін.

Ауызша іс жүргізу үшін шешім жарияланған күн, ал жазбаша іс жүргізу үшін соттың шешімінде көрсетілген күн шешімді шығару күні болып табылады.

Сот шешімді қысқаша нысанда шығаруы мүмкін.

Қысқаша шешім кіріспе, уәждеу және қарар бөліктерінен тұрады.

Қысқаша шешімнің уәждеу бөлігінде дәлелдемелер олардың мазмұны ашылмай, тек атауы көрсетілуі мүмкін.

Талап қоюшының талап қоюы негізсіз, ал шағымды сотқа дейінгі қарау нәтижелері бойынша жоғары тұрған органның шешімі негізді деп танылған жағдайда, сот қысқаша шешімде осы жоғары тұрған органның шешіміне сілтеме жасаумен шектелуге құқылы.

Сот тараптардың өтінішхаты бойынша, бірақ соттың қысқаша шешімі табыс етілген кезден бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей толық мәтіні көрсетілген шешімді дайындауға міндетті. Осындай шешім өтінішхат келіп түскен кезден бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмей дайындалады.

Бірінші сатыдағы соттың шешімі, егер дереу орындалуға жіберілмеген болса, осы шешім, егер апелляциялық шағым, өтінішхат берілмесе, апелляциялық шағым жасауға арналған мерзім өткен соң заңды күшіне енеді.

Апелляциялық шағым жасауға, өтінішхат келтіруге арналған мерзімі өткізіп алынған және сот мерзімді қалпына келтіруден бас тартқан жағдайларда, шешім бас тарту туралы ұйғарымға шағым жасау мерзімі өткен соң заңды күшіне енеді.


Соңғы жаңалықтар