Ақмола облысында 25 мың қызметкердің жалақысы артты

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында 1 қаңтардан бастап, әлеуметтік және бюджеттік салада жұмыс істейтін 25 мың қызметкердің еңбекақысы артты. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары Қанат Ыдырысов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Брифингте айтылғандай, Мемлекет басшысы Үкіметтің алдында халықтың әл-ауқатын және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруды басты міндет етіп қойып отыр.

«Биылғы жылдың қаңтарынан бастап, Ақмола облысында 25 мың әлеуметтік және бюджеттік сала қызметкерінің еңбекақысы артады. Осы мақсатта қосымша 17 миллиард теңге бөлінді. Нақтырақ айтатын болсақ, биылдан бастап облыста 15 мыңнан астам педагогтың еңбекақысы 25 пайызға, 1600 дәрігердің еңбекақысы 30 пайызға, 5800 орта медицина қызметкерінің жалақысы 20 пайызға, 1400 әлеуметтік және 1800-ге жуық мәдениет, архив қызметкерінің айлық табысы 30 пайызға өсті», – деді Қанат Ыдырысов.

Сонымен қатар, атап өтілгендей, 2020 жылдың қаңтарынан облыста 7514 көпбалалы отбасына кірісіне қарамастан 42 500 теңгеден 73370 теңгеге дейін мемлекеттік жәрдемақы төлеу басталғанын жеткізді.


Ал Ақмола облыстық Жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Дина Ахметжанова биыл енгізілген атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматының үш бағытын айтып берді.

«Біріншісі – төрт және одан да көп баласы бар отбасыларға табысына қарамастан төленетін мемлекеттік жәрдемақы. Екіншіден, атаулы әлеуметтік көмек беру тетігі өзгертілді. Үшіншіден, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балаларына әлеуметтік пакеттер таратылады», – деді Дина Ахметжанова.


Соңғы жаңалықтар