Ақмола облысында 3,7 млн тонна астық жиналды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ақмола облысында 3,7 млн тонна астық жиналды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында аталған өңір әкімі Ермек Маржықпаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі таңда астық және дәнді-бұршақты дақылдарды жинау жұмысы аяқталу сатысында. Астық бастыру 4,4 млн гектарда немесе 97 пайыз алқапта жүргізілді. Гектарына 8,6 центнер орта түсім бар. 3,7 млн тонна астық жиналды. Осы аптаның соңына дейін астық жинау аяқталады. Майлы дақылдар 85 мың гектар алқапта немесе егістік көлемінің 32 пайызы жиналды. Жалпы гектарынан 6,6 центнер орташа түсіммен 56 тоннаны құрады. Картоп пен көкөнім жинау аяқталып келеді», - деді облыс басшысы.

Оның айтуынша, егін жинау жұмыстары үшін өңір арзандатылған жанармайдың қажетті көлемімен қамтамасыз етілді. Шаруашылықтардың астық қоймаларын ескере отырып, 6,5 млн тонна астық сақтау үшін мүмкіндік жасалды. Барлық астық қабылдау кәсіпорны жаңа өнімді қабылдауды жүзеге асырып жатыр. Элеваторларға жаңа түсімнің 1,5 млн тоннадан астам астығы жеткізілді.

«Биылғы өнім сапасының көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай жоғары. Астықтың 91 пайызы 3-сыныпқа сәйкес келеді. Бұл ретте астық қабылдау кәсіпорындарына жеткізілген астықтың 83 пайызында дәнмаңыздылығы 30 пайыздан жоғары. Өткен жылы бұл көрсеткіш 70 пайызды құраған болатын», - деді Ермек Маржықпаев.


Соңғы жаңалықтар