Ақмола облысында 4908 адам тұмау жұқтырған

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында 4908 адамның тұмау жұқтырғаны тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облысы бойынша тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне сілтеме жасап.

«Ақмола облысында 4908 адамның тұмау (жедел респираторлық-вирустық инфекциялары) жұқтыру оқиғасы тіркелді. Бұл көрсеткіш былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,9 есеге азайып отыр. Тұмаумен ауырғандардың 3462-і жағдайы 14 жасқа дейінгі балалардың үлесінде, 580-і 1 жасқа толмаған нәрестелер, 144-і жүкті әйелдер», - деді ведомстводан.

Департамент мамандары атап өткендей, өңірде 14 адам тұмаудың «В» түрін жұқтырғаны анықталды. Оның 5-і Көкшетау қаласында, 8-і Степногорск қаласында және 1-і Бурабай ауданында тіркелді.

Айта кетейік, өткен жылдың 1 қазанынан бастап облыс аумағында тұмауға қарсы екпе егу науқаны басталған болатын. Облыс бойынша екпе егетін 364 ем-шара кабинеті анықталып, «қауіптілер» тобындағы тұлғаларға екпе егу үшін тегін 72 860 вакцина қарастырылған еді. Осы бағытта жергілікті бюджет есебінен 7 миллион 830 мың теңгеге 9 мың «Гриппол плюс» вакцинасы сатып алынды. Дәрігерлердің сөзінше, тұмауға қарсы тегін екпені бірінші кезекте медицина қызметкерлері, 2-3 айлық жүкті әйелдер, созылмалы ауруларымен диспансерлік есепте тұрған ересектер мен балалар, жиі ауыратын 6 жастан асқан балалар, жабық мекемелердегі адамдар алды.


Соңғы жаңалықтар