Ақмола облысында «Ауылдың гүлденуі-Қазақстанның гүлденуі» форумы өтті

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Целиноград ауданында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Ауылдың гүлденуі-Қазақстанның гүлденуі» атты жастар форумы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі аудан әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Целиноград ауданының жастар ресурстық орталығы мен ішкі саясат бөлімі ұйымдастырған форумға 50-ден астам адам, оның ішінде дербес бөлімдердің, аумақтық құрылымдар мен ведомстволардың жас мамандары, волонтерлік ұйымдар мен бірлестіктердің мүшелері, сондай-ақ студенттер қатысты.

Аудан әкімі Бахидбек Оспанбеков құттықтау сөзінде осындай іс-шаралар жастарды біріктіріп, олардың қоғамдық белсенді бөлігіне айналуына мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Бүгінде жастар біздің қоғамның ең бастамашыл, талантты және мақсаткер бөлігі болып табылады, оның жарқын жетістіктерін бүкіл Қазақстан мақтан тұтады және сүйсінеді. Маңызды білім беру және ғылыми жобалар, табысты стартаптар, спорттық медальдар, шығармашылық байқаулардағы жеңістер сіздің дұрыс жолда екеніңізді үнемі растайды», - деп атап өтті Б.Оспанбеков.

Аудан әкімі атап өткендей, бүгінгі таңда Целиноград ауданында 14-29 жас аралығындағы жастар саны 16890 адамды құрайды. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап мемлекет жастар мәселелеріне ерекше көңіл бөліп келеді. «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Дипломмен ауылға» және басқа да бағдарламалар жастардың қажеттіліктері мен қабілеттерін өзін-өзі анықтау және іске асыру үшін жағдай жасауға, кәсіби өсуге бағытталған. Аудан әкімі жас ұрпаққа сарқылмас қуат, өз күшіне сенімділік және барлық бастамаларына сәттілік тіледі.

Аудан басшысының қолынан ең белсенді Целиноград тұрғындары азаматтық қоғам мен мемлекеттік жастар саясатын дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс хаттарға ие болды. Мерекелік іс-шара аудандық Мәдениет үйі әртістерінің концерттік бағдарламасына және Қоянды ауылындағы «Artschool» студиясының би ұжымының орындауындағы вокалдық және хореографиялық композицияларына жалғасты.


Соңғы жаңалықтар