Ақмола облысында бір-бірімен қақтығысқан қарулы екі топ қолға түсті

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында бір-бірімен қақтығысқан барлығы 15 адамнан тұратын қарулы екі топ қолға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, маусымның 28-де департаменттің криминалдық полиция басқармасының қызметкерлеріне «Қарасай тас жолы» айналма жолы бойындағы автодромда қарулы топтардың қақтығысы орын алғандығы туралы хабар түсті.

«Оқиға орнына криминалдық полиция басқармасының арнайы мақсаттағы бөлімше жедел-тергеу тобының қызметкерлері дереу жетті. Алдын ала тергеу барысында қақтығысқа қатысушылар - Көкшетау және Қарағанды қалаларының 22 жастан 40 жасқа дейінгі 15 тұрғыны екені анықталды. Олардан Tranfoglio және «Стражник» маркалы жарақат тапаншалары, оқ-дәрі, бұрыш бүріккіштері, пышақтар мен кастеттер тәркіленді», - деді ведомстводан.

Полиция департаменті баспасөз қызметінен атап өткендей, қазіргі кезде осы оқиғаға байланысты іс қозғалып, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

«Қарулы қақтығысқа байланысты Қылмыстық кодекстің 287-бабының 3-бөлігі - қаруды заңсыз сақтау және тасымалдау бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Келу туралы міндеттеме түрінде процессуалдық мәжбүрлеу шарасы таңдалды. Сараптама тағайындалды», - деп толықтырды ведомстводан.

Айта кетсек, бұдан бұрын Көкшетауда екі ғимаратқа бомба қойылғаны туралы хабарланғанын жазған болатынбыз.


Фото: polisia.kz



Соңғы жаңалықтар