Ақмола облысында кірпіш зауыты іске қосылады

None
None
БУРАБАЙ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында биыл кірпіш зауыты мен гидрометаллургиялық кешен іске қосылады. Бұл туралы Бурабайда өткен Орталық коммуникациялар қызметінің көшпелі баспасөз мәслихатында аймақ басшысы Ермек Маржықпаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өнеркәсіп секторы өңір экономикасында басым сала болып қалуда. Республика бойынша облыстың үлесі зор. Осы ретте, Ақмола облысы подшипниктердің 100 пайызын, мамандандырылған автомобиль мен трактордың әрбір екіншісін, астық жинайтын комбайндардың 65 пайызын, әрбір 4-ші килограмм алтын өндіреді. Сонымен қатар құс еті, өңделген сүт, жұмыртқа, ұн өсімдік майын өндіруде үлесі зор. Ірі жобалар арасында жылына 60 млн дана кірпіш шығаратын «Енки Плюс» зауытының құрылысы бар. Жақын арада жылына 120 млн дана кірпіш шығаратын зауыт іске қосылады. Ал, жыл соңына дейін құрамында алтын бар кенді өңдейтін жылдық қуаты 5 млн тонна болатын ірі гидрометаллургиялық кешенді іске қосу жоспарда бар», - деді Ермек Маржықпаев.

Аймақ басшысы атап өткендей, Аршалы ауданында жылына 6 мың тонна құс етін өндіретін кәсіпорынның тұрақты жұмысы есебінен облыста құс етін өндіру айтарлықтай өскен. Алдағы күзде Орта Азиядағы ең ірі құс фабрикасы «Макинск құс фабрикасы» құрылысының 3-ші кезеңі аяқталады. Бұл құс етінің импортын 15 пайызға азайтуға мүмкіндік бермекші.

Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысында биыл 5 мыңға жуық отбасы баспаналы болатынын жазған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар