Ақмола облысында көктемгі су тасқынының алдын алу үшін не істеліп жатыр

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында өңір басшысы Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен әкімдік отырысы өтті. Онда қаралған негізгі мәселелердің бірі – көктемгі су тасқынына қарсы іс-шаралар, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, өңірде су тасқынына дайындық 2020 жылдың жаз мезгілінде басталды.

Инженерлік қорғау бойынша жоспарға сәйкес су басу қаупі бар 43 елді мекенде 47,1 км су бұру арналарын жайластыру, 24,4 км өзен арнасын тазарту, 50 су өткізу құрылысын орнату және жөндеу жұмысы жүргізілді.

Төтенше жағдай департаменті жекелеген аудандарда қар шығару және су ағатын каналдық жүйелерді, инертті материалдар қорын, су өткізу құбырын тазарту бойынша белсенді жұмыстың жеткіліксіздігін атап өтті.

Осы ретте Ермек Маржықпаев аудан әкімдерінің назарын өңірлердің дайындығы бойынша барлық шараларды қабылдаудың маңыздылығына аударып, көктемгі су тасқынына дайындықты күшейтуге тапсырды.

«Бөгеттердің жай-күйін, өзен арналарындағы су деңгейін тәулік бойы бақылау, инженерлік және су айдау техникасын дайындау қажет. Халықпен түсіндіру жұмыстары да уақтылы жүргізілуі тиіс», - деді облыс әкімі.

Күн тәртібі бойынша «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасын іске асыру мәселесі де қаралды.

Облыста бағдарламаны іске асыру жылдарында 2 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй тапсырылды, соның нәтижесінде 18 мыңға жуық ақмолалық отбасы баспана мәселесін шешті. 2020 жылдың қорытындысы бойынша облыста 574 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жылдық жоспар 7,4 пайыз артығымен орындалды.

Бұл ретте, өңір басшысы тұрғын үй құрылысы мен пайдалануға берудің жоспарланған көлемінің бұзылуына жол берілмейтініне назар аударды.

Инфрақұрылымның дайын болмауынан жобалық-сметалық құжат бойынша құрылысқа бөлінген қаражат уақтылы игерілмейді қалады.

«Бүгінгі күні тұрғын үй мәселесі бірінші кезекте тұр. Алдағы уақытта да пәтерге сұраныс өсе береді. Бұл ретте тұрғын үй сапасына басты көңіл бөлінуі тиіс», - деп түйіндеді Ермек Маржықпаев.


Соңғы жаңалықтар