Ақмола облысында құрылыс қарқыны артты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Тәуелсіздіктің 30 жылдығындағы өңір жетістіктері туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінде Ақмола облысы маңызды аграрлық-индустриялық өңірлердің бірі болып саналады. Республика көлемінде біз елімізде өңделетін уранның әрбір 10 тоннасын, 100% мойынтіректерді, 67% астық жинау комбайндарын, 47% мамандандырылған автомобильдерді, 45% алтынды кендерді, 27% жартылай өңделген алтынды, 43% тракторларды, 34% құс етін және 18% сүт өндіреміз. Тәуелсіздік жылдарында облыстың индустриялық секторы орасан зор серпіліс жасады. 1991 жылдан бастап 2020 жылға дейін өнеркәсіп өндірісінің көлемі 10 млн теңгеден 1 трлн теңгеге дейін ұлғайды, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде 9 млн теңгеден 870 млрд теңгеге дейін өсті», - деді Ермек Маржықпаев Өңірлік коммуникациялар орталығында өткен брифингте.

Өңір басшысы ішкі және сыртқы инвестициялардың арқасында 35 заманауи, ірі және орта өнеркәсіптік кәсіпорын құрылғанын атап өтті.

«Соңғы жылдары өңірде құрылыс қарқыны артты, жылына жарты миллион шаршы метрден астам тұрғын үй берілуде. Бұл облыс орталығы мен басқа да елді мекендерде айрықша байқалады. Сонымен қатар, 30 жылда 7 миллион шаршы метрге жуық тұрғын үй салынды. 62 мыңнан астам ақмолалық отбасы жаңа пәтерлерге көшті. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін агроөнеркәсіптік кешен өңір экономикасының ажырамас бөлігі және флагманы болып қала береді», - деді Ермек Маржықпаев.

Әкімнің мәліметінше, 1991 жылдан бастап ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 11,5 млн теңгеден 682 млрд теңгеге дейін өскен.


Соңғы жаңалықтар