Ақмола облысында мектеп түлектері дәрігерлер отбасымен кездесті

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Медицина қызметкерлері күні қарсаңында «Тәуелсіздік тарландары» жобасы аясында Есіл қаласында №3 орта мектеп түлектері, «Алтын белгі» иегері Жағапаровтар жанұясымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ішкі саясат басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесудің негізгі мақсаты қазақстандық патриотизмді тәрбиелеу, еңбек құндылықтарын белсенді дамыту, түрлі салаларда жанқиярлықпен еңбек етіп жүрген және елдің дамуына үлес қосқан азаматтардың қызметін дәріптеу болып табылады.

Марат Жағапаров Есіл ауданының құрметті тұрғыны, 45 жылдық еңбек өтілі бар хирург-дәрігер, аудандық орталық аурухананың хирургия бөлімінде көп жылдан бері еңбек етіп келеді. Ол көптеген науқастың өміріне араша түскен дәрігер. Өзінің еңбегі мен кәсібилігі үшін облыстық және аудандық деңгейдегі көптеген наградалармен және алғыс хаттармен марапатталған. Жұбайы Гүлшара Әбдуәліқызы да өмірін медицинаға арнаған, 40 жылдан астам еңбек өтілі бар фтизиатр-дәрігер. Ерлі-зайыптылар екі ұл тәрбиелеп, өсіріп отыр. Үлкен ұлы ата-анасының ізін жалғап, қазіргі уақытта Қостанай қаласында травматолог-ортопед дәрігері, балалар ауруханасының бөлім меңгерушісі болып жұмыс істейді. Кездесу барысында дәрігерлер отбасы жастарға өзінің өмірлік және кәсіби жолы туралы айтып, кеңестер мен нұсқаулар берді.


«Қазір сіздер үшін өмірдегі ең маңызды емтихандардың бірімен, болашақ мамандықты таңдаумен және дербес өмірге кірумен байланысты жауапты кезең келе жатыр. Жаңа жол сіздер үшін табысты болсын. Өздеріңізге және өмірлік бағыттарыңызға адал болыңыздар. Сіздерге мықты денсаулық, сәттілік және бар жақсылықты тілейміз», - деді ерлі-зайыпты Жағапаровтар.

Бүгінгі таңда облыс халқы 530 медициналық ұйымда медициналық көмек алады, онда 12 мыңға жуық ақ халатты абзал жандар еңбек етеді.


Соңғы жаңалықтар