Ақмола облысында таудан құлаған 21 жастағы жігіт құтқарылды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Көкшетау тауына шығу жастар үшін қайғылы жағдаймен аяқтала жаздады. Жаңбырлы ауа райында шыңды бағындырмақ болған 21 жастағы жігіт құлап, қолын жарақаттап алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірдің ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға 14 шілде күні болған. Құтқарушыларға 21 жастағы жігіттің Көкшетау тауынан құлап кеткені және оған медициналық көмек пен таудан түсуіне жәрдем қажет екені туралы хабар келіп түскен.

«Құтқарушылар дереу оқиға орнына барды. 11 адамнан тұратын топ Көкшетау тауының баурайына көтерілгені белгілі болды. Шамамен 13.00-де жаңбыр жауа бастаған, осыған байланысты тайғақ тасты жерде 21 жастағы жігіт тайып кетіп, шамамен 2 м биіктіктен құлаған. Ол қолының ауырсынғанын сезінген», - деді ведомствода.

Болған жағдайдан кейін топтың бір бөлігі таудан өз бетінше түскен, қалған бөлігі көмек күтіп қалып қалған.

Құтқарушылар зардап шеккен адамды жедел жәрдем көлігімен Щучинск қаласының орталық аудандық ауруханасына жіберді.

Алдын ала тексеруге сәйкес, ер адам сол қолынан жарақат алған.



Соңғы жаңалықтар