Ақмола облысында жүкті әйелді мүгедек еткен дәрігерлерге үкім шықты

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетау қаласында жүкті әйелдің мүгедек болып қалуына кінәлі акушер-гинеколог дәрігерлерге үкім шықты. Алайда, мерзімнің өтуіне байланысты дәрігерлер қылмыстық жазадан құтылып, залалды ғана өтейтін болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көкшетау қалалық сотының мәліметінше, Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасы перинаталдық орталығының екі акушер-гинеколог дәрігеріне қатысты қылмыстық іс қаралды.

«Сот 2019 жылдың 8 мамырында Көкшетау қаласындағы перзентхана бөлімшесіне түскен жәбірленушіні екі кезекші дәрігер қарағанын анықтады. Олар өз тексеру нәтижелері бойынша басқа дәрігер жүргізген алдыңғы тексерудің деректерін, сондай-ақ әйелдің анамнезінің нәтижелерін назарға алмай, қылмыстық немқұрайлылық таныта отырып, өз іс-әрекеттерінен қоғамдық қауіпті салдар туындауы мүмкіндігін алдын ала болжамай, ұрықтың ұрық қабығының нақты жай-күйін толық бағаламай, өз өкілеттіктерінің шеңберінен шығып, бұрын қойылған диагнозды негізсіз алып тастаған. Абайсыздық пен медициналық көмек көрсетуде жіберілген қателіктерге байланысты жәбірленуші І топ мүгедектігін алды», - деп атап өтті қалалық сотта.

Сот отырысында прокурор сотталушыларды кінәлі деп тануды және ескіру мерзімінің өтуіне байланысты оларды қылмыстық жауаптылықтан босатуды сұрады. Жәбірленуші тарап ең қатаң жаза тағайындауды сұрады. Ал сотталушылардың өздері кінәсін мойындамады.

Көкшетау қалалық сотының үкімімен екі акушер-гинеколог ҚР ҚК 317-бабының 2-бөлігінде көзделген «медицина қызметкерінің абайсызда және теріс пиғылды көзқарасы салдарынан денсаулыққа ауыр зиян келтіруге әкеп соққан кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы» қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды.

«Қылмыс жасалған күннен бастап екі жылдан астам уақыт өтті. ҚК-нің 71-бабына сәйкес адам, егер қылмыстық құқық бұзушылық жасалған күннен бастап онша ауыр емес қылмыс жасалғаннан кейін 2 жыл өтсе, қылмыстық жауаптылықтан босатылады. Сотталушыларды қылмыстық жауапкершілікке тарту мерзімінің өтіп кетуіне байланысты олар қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылып, жазадан босатылды», - деп толықтырды қалалық сот.

Жәбірленуші тараптың азаматтық талаптары ішінара қанағаттандырылды. Ақмола көпсалалы облыстық ауруханасынан келтірілген материалдық залал 3 928 168 теңге және моральдық зиян 15 000 000 теңге өндірілді. Сондай-ақ, сотталғандардан өкілдің көмегіне ақы төлеу бойынша 1 500 000 теңге мөлшерінде шығыстар өндіріп алынды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Сонымен қатар, сот іс бойынша тергеу барысында әуре-сарсаңға жол бергені үшін прокуратура мен полиция органына, ал дәрігерлердің жұмысында анықталған бұзушылықтар үшін Денсаулық сақтау басқармасының атына жеке қаулылар шығарды.


Соңғы жаңалықтар