Ақмола облысының әкімі көктемгі су тасқынының алдын алуды тапсырды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев төтенше жағдайлардың алдын алу және оған жол бермеу жөніндегі облыстық комиссияның мәжілісін өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жиында Ақмола облыстық ТЖД бастығы А.Советовтің, Есіл бассейні инспекциясының басшысы Д.Бекмағамбетовтің, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы А.Жанғасқановтың, Целиноград ауданының әкімі М.Тәткеевтің, Атбасар ауданы әкімінің міндетін атқарушы Б.Қамбатыровтың есептері тыңдалды.

ТЖД бастығының мәліметінше, өңірдегі қар мен ылғал қорының мөлшері өткен жылдың сәйкес мерзімімен және орташа жылдық нормамен салыстырғанда жоғары. Қар мөлшерінің көбеюі барлық өңірде және аудан орталығынан шалғай елді мекендерде су тасқыны қаупін тудырып отыр

«Мәселен, Аршалы, Бұланды, Бурабай, Ерейментау, Есіл, Жақсы, Зеренді, Қорғалжын, Целиноград, Сандықтау, Шортанды аудандары мен Көкшетау қаласында да төтенше жағдайларға байланысты резервтік қаржы, жанар-жағар май, инертті материалдар, құм салатын қаптар қарастырылмаған»,–деді А.Советов.

Аймақ басшысы Ермек Маржықпаев қаңтар және ақпан айларында жауған қар мөлшерінің шамадан көптігін ескеріп, ескерту шараларын нығайтып, алдын алу бойынша жұмыс жоспарын түзетуді тапсырды. Облыс әкімі көктемгі су тасқынының алдын алып, қауіпсіздікті қамтамасыз ету қатаң бақылауда екенін атап өтті.

«Барлық әкімдерге Ақмола облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, «ҚазАвтоЖол» Ақмола облыстық филиалы, ақылы автомобиль жолдары дирекциясы, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ филиалымен бірлесіп қоқыс тазалауды, республикалық және жергілікті маңызы бар автокөлік жолдары мен теміржол бойындағы су ағызу нысандарын қардан тазартуды, сондай-ақ, елді мекендердегі қарды тазартуды, су қоймаларын дайындауды, гидротехникалық нысандардың жағдайын бақылауды тапсырамын», - деді Ермек Маржықпаев.

Сонымен қатар, аймақ басшысы наурыздың 10-на дейін апатты және нашар жағдайдағы гидротехникалық нысандарды транзиттік режимге көшіруді, олардың маңында инженерлік техника тәулік бойы кезекшілік жасауды қамтамасыз етуді, екі аптаның ішінде жанар-жағар май, инертті материалдар, құм салатын қаптың қорын жасауды тапсырды.


Соңғы жаңалықтар