Ақмолада боранда жолда қалған 100-ге жуық адам құтқарылды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында боранда жолда қалған 100 шақты адам құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі аумақтық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның дерегінше, қаңтардың 16-сында сағат 16:19 шамасында «Екатеринбург - Алматы» тасжолының 876-шақырымында, яғни Моховое ауылы тұсында қар құрсауында қалып қойған көліктегі 1958 жылғы ер адам құтқарылды. Ер адамға медициналық көмек қажет болып, Жақсы аудандық ауруханасына жеткізілді.

Жақсы ауылы маңында жолда қалған көліктен екі адам құтқарылды. Аудан аумағында бұдан басқан тағы 12 адамға құтқарушылар көмекке келді.

Сол күні 16:19-де Есіл ауданында «Есіл-Красногорск» жолында 4 жеңіл көлік пен 1 жүк көлігі қар құрсауында қалғаны анықталды. Мұнда 12 адам (оның 2-уі бала) құтқарылып, Есіл қаласына жеткізілді. Құтқару жұмыстарына ТЖД апатты құтқару қызметкерлері жұмылдырылды.

Шортанды ауданында «Шортанды-Жолымбет» тасжолының Қаражар тұсында 9 көлік пен 25 адам құтқарылып, Жолымбет орта мектебіне уақытша жайғастырылды.

Қаңтардың 17-де сағат 01:39 шамасында Ерейментау ауданында «Нұр-Сұлтан-Шідерті» тасжолының 175-шақырымында 20 жолаушы мен 8 көлік құтқарылды. Жолаушылар Ерейментау қалалық №3 орта мектепке орналасты.

Осы күні сағат 01:56-де Астрахан ауданында «Жалтыр-Макинск» тасжолының Жаңатұрмыс ауылы тұсында 3 адам құтқарылса, сағат 02:35-те Жақсы ауданында «Атбасар-Жаңақыйма» жолында 7 адам және 2 көлік, сағат 00:30-да Қорғалжын ауданында «Қорғалжын-Баршын» тасжолының 30-шақырымында 16 адам және 8 көлік қар құрсауынан босатылды. Сағат 02:30-да Біржан сал ауданында «Степняк-Макинск» жолында істен шыққан көлікте болған 4 адамға құтқарушылар көмекке келді.



Соңғы жаңалықтар