Ақмолада мемлекеттік қызмет саласындағы шағымдар 35 пайызға азайды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінде 2020 жылы атқарылған жұмыстар қорытындыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ведомствоның мәліметінше, 2019 жылмен салыстырғанда түскен өтініш санының 35 пайызға төмендегені байқалады.

Өткен жылы мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау бағыты бойынша азаматтардан 146 өтініш түсті, оның ішінде құзыреттілік шеңберінде 61 өтініш қаралды.

«Азаматтар департаментке мемлекеттік қызмет туралы заңнама және мемлекеттік қызметке түсу, оны өткеру және тоқтатуға байланысты шектеулер туралы түсініктеме алу үшін жиі жүгінеді. Сондай-ақ азаматтар, оның ішінде мемлекеттік қызметшілер конкурс қорытындыларымен, тәртіптік жазалармен, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдепті сақтамауымен келіспеу фактілері бойынша өздерінің бұзылған құқықтарын қорғау үшін өтініш жасайды. 2020 жылы тексеру нәтижелері бойынша 400-ден астам бұзушылық анықталды, азаматтардың қалпына келтірілген құқықтарының үлесі 75 пайызды құрады. Тәртіптік жаза қолдану туралы 16 шешімнің, бос лауазымға орналасуға конкурс комиссиясының және жұмыс өтілін есептеу жөніндегі комиссияның шешімдерінің күші жойылды. 4 тәртіптік іс қозғалды» деді ведомстводан.

Айта кетсек, коронавирус инфекциясының таралуына байланысты орын алған эпидемиологиялық жағдайға байланысты Ақмола облысында әдеп кеңесі отырыстарының 80 пайызы онлайн режімде өткізілді.

«Жалпы, былтыр кеңестің 10 отырысы өткізіліп, онда 72 мәселе қаралды. Сұрақтардың 75 пайызы - профилактикалық сипатта. Бұл - әкімдердің, мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының, Әдеп жөніндегі уәкілдердің, тәртіптік комиссиялар төрағаларының әдеп бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі мемлекеттік органдар жұмысының қорытындысы туралы есебі. Әдеп жөніндегі кеңес сондай-ақ мемлекеттік қызметшілерге қатысты 18 дербес тәртіптік істі қарады: Әдеп кодексін бұзғаны үшін - 4, Мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіретін теріс қылықтар жасағаны үшін - 14.

Сонымен қатар соңғы 5 жылда тәртіптік жауапкершілікке тартылған мемлекеттік қызметшілердің саны 35 пайызға азайды.

Егер 2020 жылы олардың саны 779 болса, 2019 жылы – 805, 2018 жылы – 892, 2017 жылы – 986, 2016 жылы – 1200.


Соңғы жаңалықтар