Ақмоланың Жақсы ауданында дәрі-дәрмектің 2 айлық қоры жасалған - әкім

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысы Жақсы ауданының медициналық мекемелерінде коронавирус инфекциясының екінші толқынына дайындық шеңберінде дәрі-дәрмек және жеке қорғану құралдарының 2 айлық қоры жасалған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аудан әкімі Бауыржан Мәлгаждаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әкімнің сөзінше, ауданда тұрақты эпидемиологиялық жағдайды қамтамасыз ету үшін барлық шаралар қабылданып отыр.

«Бірінші толқын қызған кезде аудандық аурухана базасында 30 төсектік «провизорлық» бөлімше ашылды, онда 101 адам емделді. Ауданның медициналық мекемелерінде дәрі-дәрмектер мен жеке қорғану құралдарының 2 айлық қоры жасалды. Босандыру бөлімшесі үшін жабдықтар, сондай-ақ стационарлық және жылжымалы рентген аппараты сатып алынды. Халыққа қызмет көрсету үшін 1 жедел жәрдем машинасы бөлінді», - деді аудан әкімі.

Сонымен қатар, биылғы жыл аудандық аурухана ғимаратының баспалдақтары, қасбеті мен қоршауына жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Медицина кадрларының тапшылығын шешу жолында ауданда тұрғын үй мәселесі оң шешіліп жатыр. Көтерме жәрдемақы және жеке тұрғын үй сатып алу үшін пайызсыз несие беріледі.

Жергілікті тоғыз студент аудандық бюджет есебінен еліміздегі медициналық жоғары оқу орындарында білім алып жүр.

«Жақсы ауылында бұрын 10 жыл бойы қаңырап тұрған аурухана ғимаратын 8 пәтерлі тұрғын үй ретінде қайта жөндеп жатырмыз. Онда медицина саласының мамандары орналасады. Бүгінгі күні нысан құрылысы аяқталу сатысында, нысанды пайдалануға беру ағымдағы жылдың желтоқсан айында жоспарланған», - деді аудан әкімі.


Соңғы жаңалықтар