АҚШ Энергомині: Сәуір-маусым аралығында Brent мұнайы 23 доллар болады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - АҚШ Энергетика министрлігінің жаңа есебіне сәйкес, 2020 жылдың наурызында әлемдегі мұнай өндіру көлемі тәулігіне 1,2 млн баррельге немесе 1,2 пайызға төмендеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Telegram-дағы Tengenomika арнасына сілтеме жасап.

Бұл ретте мұнай тұтыну көлемі тәулігіне 10,1 млн баррельге немесе 10 пайызға қысқарып, соның нәтижесінде Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдеріндегі мұнайдың коммерциялық қоры 7 пайызға артты және 2017 жылдың маусымынан бері алғаш рет 3 млрд баррель шегінен асып түсті.

Ал АҚШ Энергетика министрлігінің бағалауына сәйкес, әлемдегі мұнай тұтыну көлемінің құлдырау шегі сәуір айында тәулігіне 16,7 млн баррельге жетіп, ондан кейін біртіндеп қалпына келеді. 2020 жылдың қорытындысында сұраныстың құлдырауы тәулігіне 5,25 млн баррель болады. Бұған қоса, жыл бойы өндіріс көлемі тәулігіне 1,2-1,4 млн баррель шегінде қысқара түседі. Осыған байланысты 2020 жылдың көктем және күз айларында әлемдегі мұнайдың коммерциялық қоры тарихи максимумына шамамен 3,4 млрд баррельге жетеді.

Осындай ахуалдың аясында АҚШ Энергетика министрлігі осы жылдың сәуір-маусым айларында Brent маркалы мұнайдың орташа айлық құны 23 долларға дейін құлдырайтындығын күтеді. Дегенмен, содан кейін мұнай бағасы 2020 жылдың желтоқсанына дейін біртіндеп қалпына келіп, барреліне 35 долларға жетпек. Ал 2021 жылы Brent бағасы барреліне 48 долларға дейін өсуі мүмкін.

АҚШ Энергетика министрлігінің болжамды бағалауынан шығатын бірқатар қорытынды мынадай:

1. Таяу екі жылдың ішінде мұнай бағасы барреліне 50 доллардан асады деуге ешқандай негіз жоқ.

2. Бұл болжамда ОПЕК+ пен G20 елдерінің мұнай өндіру көлемін тәулігіне 10 млн баррельге дейін қысқарту туралы келісімге келу мүмкіндігі ескерілмеген сияқты. Әлем елдері мұндай келісімге келген жағдайда ол сәуірдегі әлемдегі мұнай профицитін тәулігіне 16 млн баррельден 5-6 млн баррельге дейін төмендете алады. Нәтижесінде көктемде және жазда мұнайдың орташа айлық бағасы 23 доллардан жоғарылап, 34-40 долларға жетіп қалуы мүмкін.

3. Ең нашар нұсқаның өзінде Brent бағасы орташа есеппен алғанда барреліне 23 доллардан төмен болмайды. Бұл тіпті мұнай экспорттаушы елдер шикізатты өндіру көлемін қысқартуға келісе алмаса да USD/KZT бағамының болжамы 448-450 теңге деңгейінде шектеледі дегенді білдіреді.


Соңғы жаңалықтар