Ақтауда 100-ге жуық әскери қызметші баспаналы болды

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ақтау қаласындағы әскери қалашықта 96 пәтерден тұратын 4 тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Әскери қызметшілерге пәтер кілті салтанатты түрде табыс етілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қорғаныс минитсрлігіне сілтеме жасап.

Тұрғын үйлер әскери қалашықтарды дамыту бағдарламасы аясында тез салынатын үйлердің жеке жобасы бойынша салынған. Пәтерлер толығымен жабдықталған және тұруға дайын. Атап айтқанда әдемі әрлеу, санитарлық техника құрылып, қажетті жиһаз және тұрмыстық техникамен қамтылған. Тұрғын үйге қарасты аумақ абаттандырылған. Аймақ бойынша жарық жүргізіліп, асфальт төселіп, аулада спорттық алаң, балаларға арналған ойын алаңқайлары мен орындықтар орнатылған.

«Әскери қызметшілердің әскери қалашыққа көшуі бөлімшелердің жұмылдыру және жауынгерлік даярлығына оң септігін тигізеді. Атап айтқанда, тұрақты жауынгерлік даярлық бөлімшелеріне жататындар - теңіз жаяу әскерлері мен әуе қорғанысына қарсы күштер. Одан басқа, қызметтік пәтерді алған әскери қызметшілер ағымдағы тұрғын үй төлемдерінің 50% көлемдегі мөлшерін алуды жалғастырып, жинағын толықтыра алады. Әскери қызметшілердің балалары үшін мектепке апарып-әкелу және балабақша болады» делінген хабарламада.

Қазіргі кезде Қазақстан Қарулы Күштерінде қызметтік тұрғын үй қорының құрылысы - маңызды мәселенің бірі. Тұрғын үйді жалға алу мүмкіндігі шектеулі алыстағы гарнизондарда құрылыс жүргізуге басымдық беріледі.

Қызметтік тұрғын үй әскери қызметші мен оның отбасына қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.




Соңғы жаңалықтар