Ақтауда карантин ережесін бұзғандар жазаланды

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ақтаудағы ірі сауда орындарына мониторинг жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтау қалалық кәсіпкерлік және өнеркәсіпті дамыту бөлімі, қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы қызметкері және жергілікті полиция өкілімен бірлескен топ қаладағы 7 ірі азық-түлік сауда нысандарына кезекті мониторинг жүргізді.

Басты мақсат - бас санитарлық дәрігердің 4 шілде күні қабылдаған қаулысына сәйкес санитарлық нормалардың қатаң сақталуын бақылау. Мониторинг нәтижесінде 6 азық-түлік орнында тұтынушылардың ыстығын өлшеу құралдары, қызметкерлердің дене температурасын тіркеу мен ғимаратқа жүргізілген тазалық жұмыстары туралы журналдардың, сонымен қатар кассаларда антисептик пен кейбір қызметкерлердің қолғаптарының жоқтығы анықталды.

Санитарлық талаптарды бұзған нысан иелерінен түсініктеме алынып, тиісті акт толтырылды. «Оларға әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 425-бабына сәйкес, хаттама толтырылды. Енді 30 бен 200 АЕК аралығында айыппұл салынбақ. Бұдан бөлек, 28 шағынауданда орналасқан «Аман» супермаркеті иесіне сақталуға тиісті санитарлық талаптарды бір жылда екі рет бұзғаны үшін қатаң түрде шара қолданылады»,- деді Ақтау қалалық кәсіпкерлік және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің басшысы Бауыржан Сапа.


Соңғы жаңалықтар