Ақтауда жаңа үш жүздей жұмыс орны ашылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ақтау қаласында биыл жаңа 300-дей жұмыс орны ашылмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақтау қаласының әкімі Ғалымжан Ниязовтың айтуынша, 2019 жылы битум негізінде қатты және сұйық гидрооқшаулағыш материалдарды өндіру зауыты іске қосылып, жаңадан 25 жұмыс орны ашылды. Осы жылы 3 жоба: нжинирингтік-болат конструкцияларды, мобильді теңіз контейнерлерін, кәрзеңкелер мен композициялардан және скиптерден жобалау мен дайындау бойынша монтаждық кешен, полипропилен қаптамасын, химиялық, резеңке және пластикалық бұйымдарды өңдеу зауыты және машиналар мен жабдықтардан басқа, металлургия өнеркәсібі, дайын металл бұйымдарын өндіру зауыты іске қосылып, 295 жұмыс орны ашылады.

Ресми деректерге сәйкес, қала бойынша 79,9 мың адамды жұмыспен қамтып отырған 31 011 шағын және орта кәсіпкерлік субъекті жұмыс істейді. Ол қаланың жұмыс істеуге қабілетті тұрғындарының 84,9 пайызын құрап отыр.

Сондай-ақ, өткен жылы 225 жаңа жұмыс орнын ашатын 35 жоба несиелендіріліп, 232 адам кәсіпкерлік негіздерін оқу курстарынан өткен. Азаматтарды кәсіпкерлікке тарту мақсатындағы «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында 127 жұмыс орны бар 68 жоба қаржыландырылады.

Қалада азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында 3 гипермаркет және 17 супермаркетпен Меморандум жасақталды. Былтыр жыл бойына 65 рет ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесі ұйымдастырылып, жаз мезгілінде кәсіпкерлерді қолдау мақсатында 299 сауда нүктесіне орын берілді.

Қала басшысы халықпен кездесуінде келтірген мәліметке сай, биыл егін егуге, жылыжай салуға талаптанған кәсіпкерлерді қолдау үшін қалаға жақын жерден 100 гектар жер бөлініп отыр. Қаланың сәулеттік келбетіне көрік беру және туризмді дамыту мақсатында амфитеатр, жасыл алаңқайлар, жарқабақтың табиғи қалпын сақтай отырып салынған «Жартасты соқпақ» ел игілігіне берілді. Заманауи талаптарға сай «Холидей иин» қонақ үйі және «Достар» демалыс орындарындағы аквапарктердің іске қосылуы жоспарланып отыр.

«Бір мезетте мыңға жуық адамды қабылдайтын бес жұлдызды «Rixos» демалыс орталығының ашылуы осы жылдың маусым айына жоспарланған. Осы қонақ үйге қызмет ететін 600 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Бүгінгі таңда осы азаматтарды Туризм колледжінде тегін оқытып, оның ішінен 200 адамды «Sembol Construction and Engineering» компаниясы тәжірибе алуға шетелге жібереді. Кәсіпкерлікті дамыту – жұмыссыздық деңгейін төмендетудің алғышарты,әрі нарықты дамытудың кепілі.Сондықтан, әр кәсіпкерге қолдау мен қолайлы жағдай жасау - міндет», - деді Ғалымжан Ниязов.


Соңғы жаңалықтар