Ақтөбе әуежайында пилоттық режимде цифрлық құжаттар қызметі іске қосылды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе әуежайында пилоттық режимде цифрлық құжаттар қызметі іске қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Азаматтық авиация комитетіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауы шеңберінде жеке куәліктерді беру процестерін цифрландыру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында ИИДМ Азаматтық авиация комитеті ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен, «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ-мен, Қазақстан дағы әуе компаниялары және әуежайлармен, «ҰАТ» АҚ-мен және басқа да мүдделі органдар мен ұйымдармен бірлесіп, әуе көлігінде цифрлық құжаттарды пайдалану мүмкіндігі бойынша жұмыстарды жүргізіп келеді.

Қазіргі уақытта цифрлық құжаттар қызметі пилоттық режимде Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының әуежайларында іске қосылған.

«28 шілдеден бастап жоба Ақтөбе қаласының әуежайында да іске қосылады. Осы үш қала арасындағы тұрақты рейстермен ұшатын жолаушылар жеке деректерін растау үшін «Egov Mobile» мобильді қосымшасы арқылы электронды жеке куәлігін ұсына алады. Осылайша, жолаушылар сандық жеке куәлікті қолдана отырып, саяхаттайды.

Цифрлық құжаттар қызметін пайдаланатын жолаушылар әуежайда рейске тіркелу кезінде, сондай-ақ ұшу алдындағы тексеруден өту кезінде «Egov Mobile» қосымшасында жинақталатын QR кодты көрсетуі тиіс», делінген хабарламада.

Әуежайларда цифрлық құжаттар қызметі қазіргі уақытта пилоттық режимде іске қосылуда. Осы сервисті пайдалануды жоспарлап отырған жолаушылардың өзімен бірге жеке куәлігінің түпнұсқасын алып жүргені жөн.


Соңғы жаңалықтар