Ақтөбе облысында демалыс күндері 3 адам суға батып кетті

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде үш адам суға түсіп, батып кетті. Оның екеуі мас болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде суға түсу маусымы басталған жоқ. Ескертуге қарамастан белгіленбеген жерде суға түскен адамдар жағаға қайта шықпай қалған.

«Бірінші жағдай Қобда ауданының Қобда өзенінде тіркелді. 1996 жылы туған азамат мас күйінде суға түсіп, батып кеткен. Құтқарушылардың күшімен азаматтың денесі 4 метр тереңдіктен жағаға шығарылды. Ал 8 мамыр күні Ақтөбе қаласындағы Жіңішке өзенінде белгісіз адамның денесі табылғаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына құтқарушылар жедел түрде жіберіліп, өзен жағасынан 2 метр қашықтықта және 1 метр тереңдіктен 1944 жылы туған әйелдің денесі судан шығарылды. Айта кету керек қаза болған азаматша сырт киімін шешпеген. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін полиция қызметкерлері тергеу жүргізіп жатыр», - деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметі.

Сонымен бірге 9 мамыр күні Хромтау ауданындағы Ойсылқара өзенінде қайғылы жағдай тіркелді.

Аудандық полиция бөлімінің мәліметіне сәйкес, 1960 жылы туған азамат жолдастарымен балық аулауға барып, мас күйінде сырт киіммен суға түсіп кеткен.

61 жастағы азаматтың денесі қасында болған куәгерлердің күшімен жағаға шығарылған.

Ақтөбе облыстық ТЖД қызметкерлерінің айтуынша, тұрғындар құтқарушылардың ескертуін елемейді және салдары жайлы ойламастан жабдықталмаған және қауіпті жерде шомылуын жалғастырып жатыр.


Соңғы жаңалықтар