+7 (701) 759 90 19
USD 412.10 EUR 454.34
RUB 5.82 CNY 57.62
Jańalyqtar

Ақтөбе облысының әкімі енгізілетін шектеулерге байланысты үндеу жолдады

2020 жылғы 30 наурыз 01:31
Бөлісіңіз:
Ақтөбе облысының әкімі енгізілетін шектеулерге байланысты үндеу жолдады

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысында 31 наурыздан бастап бірқатар шектеу шаралары енгізіледі. Осыған орай аймақ әкімі Оңдасын Оразалин жергілікті телеарна арқылы тұрғындарға үндеу жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

31 наурыздан бастап облыста балабақшалар жұмысын тоқтатып, бірқатар сауда орындары жабылады. Тек азық-түлік дүкендері, дәріханалар жұмысын жалғастырады. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин ақтөбеліктерге қауіпсіздік жұмыстарын түсіндіріп берді.

«Ақтөбе қаласында бүгінгі күнге дейін коронавирус жұқтырған бір ғана науқас тіркелген еді, тағы бір адам анықталып, екеу болды. Осымен шектеліп қалсақ, қанеки. Сондықтан «қауіп жоқ» деген ойдан аулақ болып, сақтық шараларын күшейтуіміз керек. Сол себепті төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияға ұсыныс енгіздім. Олар қолдады. Ақтөбе облысында ертең, яғни 30 наурыздан 31-іне қараған түні сағат 00.00-ден бастап ерекше жағдайдағы шектеу режимі енгізіледі. Ақтөбе қаласының және барлық аудандардың сыртқы периметрлеріне блокбекеттер қойылады. Транзиттік көліктер, сондай-ақ тамақ өнімдері, дәрі-дәрмектер және медициналық мақсаттағы бұйымдар, Ақтөбе облысының және Ақтөбе қаласының өнеркәсіптік, ауылшаруашылық кәсіпорындарына қажетті тауарлар мен материалдарды тасымалдайтын көліктерге арнайы рұқсат қағаздары беріледі. Басқа көлік құралдары мен азматтарға облыс аумағы мен Ақтөбе қаласының территориясына кіруге және шығуға тыйым салынады», - деді аймақ басшысы.

Атап өтілгендей, полиция, Ұлттық гвардияның жеке құрамы, арнайы құрам және Қорғаныс министрлігінің әскери күштері күшейтілген тәртіпті жүзеге асыруға кіріседі.

«Мұны біз дұрыс түсінуіміз керек. Ерекше жағдайдағы шектеу, яғни оқшаулану, ол ең әуелі, өз өмірімізді сақтау үшін қажет. Және басқаларға қауіп тудырмаудың алғышарты. Сол себепті бөгде адамдармен қарым-қатынасты тоқтату керек. Мейлі ол жақын тумаңыз, көршіңіз болса да. Осындай темірдей тәртіпке бағынсақ – зардаптан аман қаламыз. Өзіміз де, отбасымыз да. Індет кең тараған елдердің тәжірибесі бізге осыны көрсетеді. Тек оқшаулану ғана бізді індет дертін жұқтырудан сақтандырады», - деді ол.

О.Оразалин көпқабатты және жер үйлерде тұратын тұрғындардан аса қажеттілік болмаса сыртқа шықпауды сұрады.

«Қалада да ауылда да осындай тәртіп орнатылсын. Азық-түлік дүкендері мен дәріханалар жұмыстарын жалғастырады. Күнделікті қажет заттарды, азық-түлік, дәрі-дәрмек алу үшін жақын орналасқан дүкенге, дәріханаға баруға рұқсат беріледі. Үйден тек аса қажет болғанда ғана шыққан жөн. Басқадай бейсауат жүрістерге тыйым салынады. Ерекше жағдайдағы шектеу режимін бұзғандарға заң жүзінде қатаң шара қолданылады. Жоғарғы мөлшерде айыппұл салынады және қамауға алынады. Қалалар мен аудан орталықтарында үйден шықпай интернет, телефон арқылы тапсырыс беру қарастырылған. Өңірде азық-түлік, дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Оған алаңдаудың қажеті жоқ. Дезинфекциялық залалсыздандыру заттарының да қоры мол. Өздеріңізге карантин жағдайындағы ережелер жайлы ақпарат телеарналар мен әлеуметтік желілер арқылы таратылады. Егер індеттің алғашқы белгілері өзіңізде немесе жақындарыңызда байқалса, бірден жедел жәрдем шақырыңыз», - деді үндеуде аймақ басшысы.

Мәлім етілгендей, науқасқа шалдыққандарды оқшаулауға, медициналық көмек беруге тиісті орындар анықталған. Құрал-жабдықтар, білікті мамандар жеткілікті. Арнайы құрылған штаб күні-түні қызмет етеді. Су, жылу, электр жарығы, газ уақтылы беріледі. Барлық мекемелерде, қоғамдық орындарда, көшелерде санитарлық-дезинфекциялау тәртібі қатаң сақталады. Қоғамдық көлік тасымалдауы мен такси қызметтері де қатаң тәртіппен жұмыс жасайтын болады.

«Біз мұндай нәубеттің талайын бастан өткізген халықпыз. Осындай сын сағатта ел екендігімізді көрсетейік. Бір-бірімізге демеу болайық. Жасы үлкен қарттарымызды ұмытпайық. Олар үйлерінде жападан жалғыз, назардан тыс қалып жүрмесін. Көрші-көлем болып, телефонмен хал-жағдай сұрасып тұрайық. Қажеттіліктерін өтеуге жәрдем берейік. Көпбалалы отбасыларын да ұмытпайық. Өмір бір орында тұрмайды. Ең бастысы, үмітімізді үкілеп, ертеңгі күнге сенімімізді арттырайық. Елдігімізді асқақтатып, ұлттық ұйысудың үлгісін көрсетейік. Өйткені ешкім де сырттан келіп біздің жағдайымызды түзетіп бермейді. Не жасасақ та - өзіміз жасаймыз. Тек береке-бірлік болсын. Сонда ғана қандай қиындық болса да бірге жеңіп шығамыз», - деді облыс әкімі.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Алтынай Сағындықова

Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
REDAKTOR
Ербол Жанат
Ербол Жанат
954-059
REDAKTOR
Жанибек Амангелди
Жанибек Амангелди
954-059

MURAǴAT