Ақтөбе шекарасында Қазақстандағы алғашқы инспекциялық тексеру кешені ашылды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Бүгін Ақтөбе – Орынбор шекара бекетінде Қазақстандағы алғашқы инспекциялық тексеру кешені ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жаңа нысанның ашылу салтанатына аймақ басшысы Оңдасын Оразалин, облыстық прокуратураның, полиция және мемлекеттік кірістер департаменттері мен №2030 әскери бөлімінің басшылары қатысты.

«Мемлекет басшысы еліміздің шекара қауіпсіздігіне баса назар аударады. Бұл маңызды нысанның ашылуы осының айқын айғағы. Өңірде шекара жүйесінің қызметін жетілдіру, шекара бақылауы кезінде заманауи технологияларды пайдалану, Қазақстан аумағына заңсыз тауарлардың, қару мен есірткі заттарын әкелудің алдын алу шаралары қабылданып жатыр», —деп атап өтті Оңдасын Оразалин.

Кейін өңір әкімі № 2030 әскери бөлімінің төрт әскери қызметшісі мен «Vera Constrution» ЖШС-нің екі өкіліне мемлекеттік шекараны күзетуде көрсеткен жоғары нәтижелері үшін алғыс хаттар табыс етті.

Бұл – шекарада орналасқан Қазақстандағы алғашқы кешен. Оның алаңы 450 шаршы метр, биіктігі 6 метр. Тәулік бойы жұмыс істейді. Кешен көліктің барлық түрін және олардың ішін тексеруге арналған. Бақылау аймағы қауіпсіз әрі контейнерлердегі тауардың формасын анық көруге мүмкіндік береді. Контрабандалық заттарды бірден анықтайды. Жоба құны - 1 млрд теңге. Алдағы уақытта Ақтөбе облысының барлық шекара бекеті осындай кешендермен жабдықталатын болады.

Соңғы жаңалықтар