«Ақтөбе - Ұлғайсын» тасжолы 2025 жылға дейін пайдалануға беріледі

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – «Ақтөбе - Ұлғайсын» тасжолына қарасты 7 учаске бойынша тендер өтті. Сол сияқты жол салуға тиісті қаржы бөлінді. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» АҚ ұлттық компаниясының Ақтөбе облысы филиалының директоры Марат Махамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде «Ақтөбе - Ұлғайсын» тасжолына қарасты 7 учаске бойынша тендер өтті. Бұл «Батыс Қытай - Батыс Еуропа» халықаралық көлік жолына кіреді. Тасжол 3-і санатқа жатады және көлік қатынасының деңгейі өте жоғары. Тәулігіне 10 мыңнан астам көлік жүреді. Оның дені жүк көліктері еліміздің оңтүстік өңірлерінен келеді. Өкінішке қарай, аталған тасжолда жол-көлік апаты тіркеліп тұрады. Сондықтан «Ақтөбе - Ұлғайсын» тасжолын 1 санаттағы жол ету бойынша тапсырма берілді», - деді Марат Махамбетов БАҚ өкілдеріне арналған тур барысында.

Филиал басшысының мәлімдеуінше, аталған тасжол бағытын салуға тиісті қаражат бөлінді.

«Қазір барлық 7 учаске бойынша жұмыс қызу жүріп жатыр. Биыл соның ішінде 2 учаске бойынша сараптама өткізу жоспарланып отыр. Тасжолдың республикалық маңызы бар және оның жалпы ұзындығы 260 шақырымды құрайды. Жол Ақтөбеден басталып Хромтау, Қарабұтақтан Ұлғайсынға дейін жетеді. Одан әрі Қызылорда облысына бағыт алады. 3-і санаттан 1-і санатқа ауыстырылса жолдың сапасы жоғарылап, көліктер қатынасы арта түседі деген ойдамыз», - дейді ол.

Сондай-ақ, спикер «Ақтөбе - Ұлғайсын» тасжолы толық пайдалануға 2025 жылға дейін берілетінін тілге тиек етті.

Еске сала кетсек, ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов биыл мамырда Ақтөбе облысына жұмыс сапары барысында «Ақтөбе – Ұлғайсын» автожолының құрылысын қаржыландыру тетіктерін анықтап, жұмысқа кірісу керектігін тапсырған еді.



Соңғы жаңалықтар