Ақтөбеде 10 ауылға су, 8 ауылға газ құбыры тартылады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысы бойынша газбен және сумен қамту көрсеткіші 90 пайыздан асты. Алдағы жылдары болашағы бар ауыл тұрғындары түгел тіршілік нәрімен қамтылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалиннің есеп беру кездесуі онлайн өтті. Өңір басшысы 2020 жылдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы көрсеткішіне тоқталып, халықтың тұрмыс сапасын көтеру, атап айтқанда сумен, газбен және жарықпен жабдықтау мақсатында қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады. Өткен жылы орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету бойынша 12 жоба іске асырылды.

«Ақтөбе қаласында су тапшылығын болдырмау жұмысы жалғасып жатыр. Електің бастоғаны кеңейтіліп, Құндақтықырдың бастоғанын қалпына келтіру басталды. Биыл Сарыбұлақ және Моисеев кен орындарындағы жерасты суларын іздеу-барлау жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр. Аталған жобаларды іске асыру Ақтөбе қаласына тәулігіне 126,5 мың текше метр суды қосымша жеткізуге және облыс орталығын тағы 40 жыл бойы тұрақты сумен қамтуға етуге мүмкіндік береді. 2021 жылы 5,8 мың адам тұратын тағы он ауыл сумен қамтамасыз етілмек. Жалпы, халықты сумен қамту 96,9% дейін өсетін болады»,- деді облыс әкімі О.Оразалин.

Газбен жабдықтау мәселесі де өзекті болып қала береді. Бүгінде газ құбырларының жалпы ұзындығы 6​ 720 шақырымды құрайды. Облыстағы 315 елді мекеннің 126-сы газдандырылған, халықтың 91,4% қамтылған. Былтыр 13 ауылдың тұрғындары көгілдір отынға қол жеткізді. Биыл тағы сегіз ауылға газ құбыры тартылады. Сондай-ақ, ауылдарға құбыр желілерін тарту үшін құны шамамен 10 млрд теңге болатын бес жаңа жобаны жүзеге асыру басталды. Яғни, болашақта 13 мыңнан астам тұрғыны бар 25 ауыл газбен қамтамасыз етіледі. Олардың қатарында Жұрын, Қаракөл, Әлімбет, Құмқұдық, Құтикөл, Ащысай, Қаратаусай, Байтұрасай, Аманкөл, Жарма және т.б. ауылдары бар.


Соңғы жаңалықтар