Ақтөбеде 6 тоннаға жуық азық-түлік тегін таратылды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе қаласында 200 отбасына азық-түлік себеттері таратылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде ауызашар беруге тыйым салынған. «Қызыл» аймақтың тәртібін ескерген қалалық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес өкілдері мен кәсіпкелер діни қызметкерлердің ұсынысын қолдап, арнайы себет дайындады.

«Карантин кезінде адамдардың бас қосуына болмайды. Сондықтан мешітке келіп, көмек сұраған жандардың тізімі алынып, азық-түлік себеті дайындалды. Жергілікті тауар өндірушілер өз өнімдерін берді. Барлығы 17 түрлі тағам бар. Өсімдік майы мен макарон, жұмыртқа мен көкөніс салынды», - деді Ақтөбе қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Мадияр Қабыл.


Барлығы 200 отбасына 6 тоннаға жуық азық-түлік таратылды.

«Биыл Рамазан айында тағы да пандемия өршіп кетті. Бас Мүфти сақтық үшін азық-түлік себетін таратуды ұсынды. Бұл ұсыныс бірден қолдау тауып, мұқтаж жандардың сұранысы орындалды. Мен өзге адамдарға да осы іс үлгі болса деймін. Қайырымдылық дәл осындай жолмен, қашықтан өткізілуі тиіс. Облыстық мешітке адамдар көбіне жұма күні келеді. Күн сайын 30-50 адамға көмектесуге тырысамыз. Сәуір айының соңында ауқымды шара өтеді. Тек қалада емес, аудан, ауылда да қайырымдылық акциясы ұйымдастырылады», - деді облыстың бас имамы Төлеби Оспан.


Соңғы жаңалықтар