Ақтөбеде әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған шара өтті

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбедегі Достық үйінде Шығыстың Аристотелі атанған ғұламаның 1150 жылдығына арналған «Әл-Фараби және қазіргі заман» атты әуенді-танымдық іс-шарасы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақтөбе облысы әкімдігінің «Қоғамдық келiсiм» коммуналдық мемлекеттiк мекемесiне сілтеме жасап.

Аталмыш шара дүниежүзілік ғылым мен мәдениетте көрнекті із қалдырған ұлы тұлға, ортағасырлық ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығын кеңінен атап өту және оның өмірі мен шығармаларын этнос өкілдеріне таныстыру мақсатында ұйымдастырылды.

Фараби өмір сүрген дәуірге апарған әуенді - танымдық кешке облыстық ҚХА хатшылығы, «Ақтөбе облысы әкімінің аппараты», Қоғамдық келiсiм» коммуналдық мемлекеттiк мекемесiнің қызметкерлері, этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен өкілдері, Аналар кеңесінің мүшелері, РФ Орынбор облысындағы қазақ диаспорасының өкілдері, Ақтөбе қаласының оқу орындарының студенттері, С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының қызметкерлері, №6655 әскери бөлімінің сарбаздары қатысты.

«Әл-Фараби рухымен тілдесу» атты театрландырылған қойылыммен басталған шарада Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінің студенттері мен «Қоғамдық келісім» КММ мамандары музыка теоритегі әл-Фарабидің образын сомдап, осы арқылы бабамыздың ғылым мен білімнің құпия сырларын жетік меңгергені үшін кейінгі ұрпаққа өшпес өнеге, асыл мұра, қайталанбас қазына қалдырғанын тағы бір еске түсірді.


Одан әрі, мерекелік шараға салтанатты бастау беру үшін сөз кезегі облыстық ҚХА хатшылығының меңгерушісі Маржан Қорғанбаеваға берілді. Хатшылық меңгерушісі Достық үйінің төріне жиналған көремендер мен қатысушыларды құттықтай келе, Шығыстан шыққан көрнекті ойшыл әл-Фарабидің әлем таныған тұлға екендігін атап өтті. Сондай-ақ, РФ-ның Орынбор облысында тұратын қазақ диаспорасының өкілдері ақтөбеліктерді құттықтай келе, әл-Фарабидің Шығыс Азия мен түркі халықтары үшін аңыз адам, қайталанбас тұлға екендігін айтып өтті.

Іс-шара барысында әл-Фарабидің музыка жанрын зерттеген зерттеуші екендігі де айтылып, А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінің студенттерінен құрылған этноансамбльдің бағдарламасымен жалғасты.

Бұдан соң, Батыс пен Шығысты терең білімімен бас идірген Фараби туралы «Великий әл-Фараби» деректі фильмі көрермендердің назарына ұсынылды.

Іс-шарада С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы «Әл-Фараби – ғибратты ғалым» тақырыбында көрме ұйымдастырып, ғұламаның ғұмыры мен жүріп өткен жолын зерттеген ғалымдардың кітаптары тамашаланды.

Қаламыздағы түрлі этнос өкілдері мен жастардың басын қосқан шара көрермендердің қошеметіне бөленген украиндардың «Оксана» халықтық хорының орындауындағы «Ақтөбе вальсі» әнімен аяқталды.


Соңғы жаңалықтар