Ақтөбеде апатты жағдайдағы тұрғын үйлердің мәселесі үш жылда шешіледі

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде 17 көпқабатты үй апаттық жағдайда тұр. Қазіргі уақытта Жаңақоныс ауылында 205 пәтерге арналған 5 көпқабатты үйдің құрылысына жер берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін қала әкімі Мавр Абдуллин 10 айды қорытындылап, көшпелі жиын өткізді. Онда қала көшелеріне жол салу, жарықтандыру, әлеуметтік нысандар құрылысы мен апатты жағдайда тұрған үйлерді жою мәселелері туралы айтылды. Мәселен, қаладағы 17 көпқабатты апатты үйдің мәселесін шешу үшін Жаңақоныс ауылынан жер берілген. Биыл құрылыс басталып, 2021 жылға дейін апатты үй мәселесі толық шешімін табуы тиіс.

«Қалада 497 тозығы жетіп тұрған үй бар. Ал 17 үй апатты жағдайда тұр. Қазіргі кезде мердігермен келісіп, Маресьев көшесінде бір үйдің құрылысы жүріп жатыр. Жаңақоныс ауылындағы жаңа құрылыс та биыл басталады. Жобалық-сметалық құжат дайын, құрылыс жүреді. Бәрі 205 отбасыға үй беріледі. Үш жылдың жоспары осы», - деді қала әкімі Мавр Абдуллин.

2011-2019 жылдар аралығында Ақтөбе қаласында 141 көпқабатты үй «Терможаңғырту» бағдарламасымен жөнделді. Енді республикалық бюджеттен тағы қосымша қаржы бөлінетін болды. Барлығы 92 үй келісім берсе, оның 45-не жобалық-сметалық құжат дайындалуда.

«Одақ кезінде салғанға үйлерді жөндеп, қалыпты ұстап тұру керек. Яғни, апатты жағдайға жеткізбей үшін жөндейміз. Ал апатты үйдің тұрғындары келісім бойынша 1 бөлмеге 1 бөлме алады. Егер пәтер иесі кеңейтіп, 2 бөлме алғысы келсе, қосымша ақшасын төлейді», - деді М.Абдуллин.

Тұрғындар бұл ұсынысқа бірден келісім берді.

«Мен 8 жылдан бері сол апатты үйде тұрамын. Күнде қорқып, үрейленіп отырамыз. Мәселемізді айтып 2005 жылдан бері әкімдік жағалап жүрміз. Енді жаңа үй салып беруге келісті. Біз қуаныштымыз», - деді апатты үйдің тұрғыны Алтын Асқарова.

Соңғы жаңалықтар