Ақтөбеде асыл тұқымды жылқы шаруашылығы қолдауға мұқтаж

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде жылқы шаруашылығын дамыту жолдары талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Өнімділік бағыттағы жылқы шаруашылығының бүгіні мен ертеңі» тақырыбында республикалық ғылыми- тәжірибелік конференция өтті. Жиынға облыс әкімі Оңдасын Оразалин, «Ақтөбе тәжірибе стансасы» ЖШС жылқы шаруашылығының меңгерушісі Серік Рзабаев, Өнімділік бағыттағы жылқылар республикалық палатасының директоры Еркегүл Тілеген және облыстағы жылқы шаруашылығының басшылары, 15-ке жуық ғылыми ұйымдардың қызметкерлері қатысты.

Аймақ басшысы аграрлық секторды экономиканың драйвері ету Елбасы қойған тапсыра екенін айтты.

«Тарих тереңіне үңіліп, рухымызды жаңғырту мақсатында, бабалар даңқын дәріптегіміз келсе, қандай ескерткіш болмасын, оларды ат үстінде бейнелейтініміз жасырын емес. Өйткені күні кешеге дейін ат көшпенді қазақ үшін төрт түлік малдың басы ретінде бағаланып келді. Мінсе көлік, сойса азық болған, алысты жақындатып, жауға шапқанда арқыратып рух берген жылқы малының біздің өміріміздегі орны ерекше болып қала бермек. Әрине бүгінгі даму үрдісімізде жылқы малының басты көлік ретіндегі рөлі азайғанмен, азық ретіндегі рөлі күннен күнге артуда. Жылқы етінің ағзаға тигізер пайдасы бүгін ғылыми дәлелденіп, бүкіл әлемде сұраныс көбейуде», - деді Оңдасын Оразалин.

«Ақтөбе тәжірибе стансасы» ЖШС жылқы шаруашылығының меңгерушісі, «Мұғалжар» және «Көшім» асыл тұқымды жылқысының авторы, а.ш.ғ.к Серікбай Рзабаев Мұғалжар жылқысының ерекшелігіне тоқталды.

«Жылқы тұқымын сақтау, жалпы осы салаға деген көзқарас түбегейлі өзгеруі қажет. Сонда ет, сүт мәселесінде проблема болмайтыны өз алдына, ел тұрғындарының денсаулығы да түзелер еді. Мұғалжар жылқыларының һәм қазақы жабының бір артықшылығы, суыққа төзімділігі. Қыс бойы тебінге түседі. Қолға тұратын сәті өте сирек. Сондықтан көп шығынды қажет етпейді. Сексенінші жылдарда сонау Якутиядан келіп, біраз жылқы алып кеткен мамандардың айтуынша, біздің жылқылар 60 градус суыққа да селт етпей, тебінге түсе береді екен. Өйткені Саха елінде қаншама суық болғанымен қар біздегідей қатпайтын көрінеді», - деп атап өтті Серікбай Рзабаев.

Мемлекеттен көрсетілген қолдаудың арқасында өңірде мал бас саны артып келеді. Ауыл шаруашылық малының барлық түрі бойынша өсім 102-112% құрады. Мәселен, ІҚМ - 493,3 мың басты құраса, оның ішінде жылқы - 134,7 мың басқа жеткен. Түйе - 17,5 мың, қой-ешкі - 1284 мың.

Соңғы 15 жылда Ақтөбе облысында жылқы шаруашылығы қарқынды дамып екі есеге артқан. Сондай-ақ сапалық жағынан биыл республика бойынша асыл тұқымды жылқы үлесі - 7,5 % болса, облыста - 17,5% құрап, асыл тұқымды жылқы саны 22,5 мың бас болды. Жиын барысында жылқы шаруашылығымен айналысушылар облыс басшысына заман талабына сай мал қора салу, бос жатқан жерді малшылардың пайдалануына мүмкіндіктер қарастыру бойынша қолдау көрсетуге қатысты ұсыныс-пікірлерін жеткізді.

Өнімділік бағыттағы жылқылар республикалық палатасының директоры Еркегүл Тілеген қымыз ішу мәдениетін қалыптастыру, ұлттық сусынды мектеп немесе әскерлердің тамақ мәзіріне енгізу қажеттігін айтып өтті. Сонымен қатар, палата тарапынан қазіргі таңда мал ұрлығының алдын-алу мақсатында JPS орналастыру үшін Корея елінің IT мамандарымен келіссөздер жүргізгенін жеткізді.Облыс әкімінен аталған ұсыныстарға қолдау көрсетуін сұрады.

«Менің өңірге алғаш келгенде өздеріңізге ұран етіп тастап, қолдау сұраған басты бағдарламаларымының бірі де осы, «қаланы жанға толтырсақ», сонымен қатар «даланы малға толтыру» болғанын білесіздер. Төрт түлік малдың қай-қайсысын да өсіріп-өндіруге бізде толық жағдай бар. Соның ішінде жылқы малының алар орны ерекше. Оған лайықты жағдай бар, қажетті жайылым да жеткілікті. Біз күні кешеге дейін жылқы малын асылдандырудың ғылыми жолын негіздеген өңірміз. «Көшім» тұқымымен «Мұғалжар» жылқысы тек біздің өңірдің ғана емес, барша қазақ елінің мақтанышына айналып, сұраныс күннен күнге артуда«, - деп атап өтті Оңдасын Оразалин.

Жиын соңында облыс әкімі ауыл шаруашылығы басқармасына ҚР Ауыл шаруашылық министрлігіне жылқы шаруашылығы мемлекеттік қолдау бағытында өзгерістер енгізуге ұсыныс беріп, ғылыми жетістіктерді өндіріске енгізу бағытына бюджеттен қаржы бөлу мүмкіндігін қарастыруды, жылқы шаруашылықтарының жайылымды жерлермен қамтамасыз етілуі, пайдаланбай жатқан жерлерді қолданысқа енгізу мәселесі тұрақты бақылауға алынуын тапсырды.

Соңғы жаңалықтар