Ақтөбеде ауыл тұрғыны ауруханаға оттегі жастығын тарту етті

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысы, Қобда ауданының тұрғыны Нұрлыбек Кереймағамбетов ауруханаға оттегі жастығын тарту етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қобда ауданының тұрғыны Нұрлыбек Кереймағамбетов індеттің адам өмірі үшін үлкен қауіп төндіргенін, әлі де сақтық шарасын қатаң ұстану қажет екенін жақсы түсінеді. Ол жұбайы, қызы ауырғанда медицина қызметкерлеріне түскен ауыртпалық пен жауапкершілікті анық сезінді. Сөйтіп отбасымен ауруханаға шағын сыйлық жасауды ұйғарды.

«Әлемді жайлаған індет отбасымызда айналып өтпеді. Жаныңа жақын жандар ауырып, ем қабылдап шыққанда балама ауруханаға көмектесу қажет деп айттым. Шағын кәсібі бар болған соң оттегі жастығын сатып алды. Алтауын аудандық ауруханаға, біреуін туған жерім Әлия ауылына сыйға тарту еттік», - деді ауыл тұрғыны Нұрлыбек Кереймағамбетов. Зейнеткер аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін атқарып жүр. Әрі аудан әкімі жанынан құрылған мониторинг топтың мүшесі.

«Вирустың қауіпті, адам талғамайтынын көріп, біліп жүрміз. Осы шақта сақтық шарасын ұстанған адам ғана аман қалады. Мұны түсіндіру үшін кәсіпкерлермен кездесіп, тұрғындарға айтамыз. Той, садақаға баруға болмайды. Аса қажет болса қоңырау шалып, көңіл білдіріп жатырмыз. Бұл дұрыс шешім», - деді зейнеткер.

Айта кетейік, Қобда аудандық ауруханасында 21 оттегі жастығы, 9 оттегі концентраторы, 5 оттегі баллоны бар. Қайырымдылық шарасы мұнымен шектелмейді. Аудан кәсіпкерлері ауруханаға тұрақты түрде қымыз жеткізіп беріп отыр. Шаруалар жас малдың еті және көкөніспен қамтамасыз етті.


Соңғы жаңалықтар