Ақтөбеде демалыс күндері шектеу күшейтіледі

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысында шектеу шарасы күшейтіледі. Сенбі, жексенбі күндері себепсіз далаға шығуға болмайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

26 маусым күні сағат 22:00-ден бастап 29 маусым күнгі сағат 00:00-ге дейін және одан кейін эпидемиологиялық жағдай тұрақтанғанға дейін әрбір демалыс күндері шектеу және карантин шаралары уақытша күшейтіледі.

«Ақтөбе қаласы бойынша жаяу және жеке көлікпен жүруге тыйым салынсын. Тек тұрғылықты жерінен жұмыс орнына дейін және кері қайтуға болады. Ол үшін жұмыс орнынан анықтама болуы тиіс. Азық-түлік тауарларын, дәрі-дәрмек препараттарын және медициналық бұйымдарды алуға баруға болады. Үй жануарларын тұрғылықты жеріне жақын жерде ғана серуендету міндет», - деді облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева.

Оның айтуынша, 65 жастан асқан адамдар аса қажет болмаса, көшеге шықпауы тиіс. Әрі сауда орталықтарында, базарларда, қоғамдық көліктерде, азық-түлік және тұрмыстық дүкендерінде, қызмет көрсету орындарында және көпшілік жиналатын орындарда дезинфекциялық шаралар күшейтіледі.

Айта кетейік, соңғы тәулікте өңірде 22 адам ауырып, инфекциялық госпитальға жатқызылды. Өсім 3 пайыздан асты. Біреуі Маңғыстау облысының тумасы. Байғаниннен 3, Шалқардан 1 адам анықталды. Өзгесі Ақтөбе қаласының тұрғыны.

Індет жұқтырғандардың көбі жедел респираторлық вирустық инфекция симптомдарымен дәрігер көмегіне жүгінген. Арасында 1 жасар бала бар. Облыста барлығы 693 адам дертке шалдықса, оның тең жартысынан астамы емделіп шыққан.

Ал ешқандай клиникалық белгісі байқалмайтындар қатары 433-ке жетті. Бір тәулікте облыста 44 тасымалдаушы тіркелді.


Соңғы жаңалықтар