Ақтөбеде коронавируспен күресіп жүрген медицина қызметкерлері марапатталды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде медицина қызметкерлеріне мемлекеттік наградалар берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақтөбеде М.Оспанов атындағы БҚМУ кафедра меңгерушісі Мейрамбек Құрманғазинге «Парасат» ордені табыс етілді. Ақтөбе медицина орталығының медициналық директоры Ардақ Есенжолова, №3 қалалық емхананың бас дәрігері Жәнібек Нармұхамедов «Құрмет» орденін иеленді.

Тағы төрт дәрігер «Ерен еңбегі үшін» медалін алды. Олардың қатарында Шалқар, Қарғалы аудандық ауруханаларының, қалалық емханалардың дәрігерлері бар.

Шара барысында «Шапағат» медалі, «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісі табыс етілді.

«Бүгінде еліміз өзге мемлекеттер секілді коронавирус індетінің пандемиясына қарсы күресіп жатыр. Бұл - өте ауқымды, ауыр әрі қиын жұмыс. Мемлекет қазіргі таңда дертке шалдыққандар санын барынша азайтудың, науқастарды қажет дәрілермен және емдеу құралдарымен қамтамасыз етудің барлық шараларын қабылдауда. Осы аурумен күресте дәрігерлер мен медбикелерге үлкен жүк түсіп отыр. Күн сайын сіздер шексіз батылдықты, ержүректілік пен адамдарға деген қамқорлықты көрсетіп жүрсіздер»,- деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.


Соңғы жаңалықтар