Ақтөбеде мониторинг тобы емдеу мекемелерінде бақылау жүргізді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – «Ақтөбе – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдері қаладағы ауруханаларға, емханалар мен дәріханаларға мониторинг жүргізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мониторинг тобы пандемияның екінші толқынына дайындық жұмысын пысықтады. Жобалық кеңсе басшысы Жанболат Тұртаев Қарғалы қалалық ауруханасы мен №2 қалалық емханада мониторинг жүргізді. Жұмыс барысында ауруханалардың санитарлық талаптарды сақтауына, Damymed бағдарламасы арқылы тіркеу және халықты қабылдау, сонымен қатар аурухана ішіндегі дәріхананың жағдайымен танысып, дәрі-дәрмектердің қорына бақылау жүргізді.

Аталмыш ауруханалардың бас дәрігерлерінің айтуы бойынша қазіргі таңда пандемияға байланысты жағдай тұрақталған. Ауруханалар күнделікті жұмыстарын қалыпты атқарып келеді. Дәрі – дәрмек қоры және санитарлық талаптарға арналған құрал-жабдық жеткілікті. Яғни, пандемияның екінші толқыны жағдайында ауруханалар дайын. Сонымен бірге жобалық кеңсе сарапшылары Тұрар Картамұлы және Зүльфия Набиулина Ақтөбе облыстық инфекциялық ауруханасының жағдайымен танысты. Мониторинг жұмысы барысында аурухананың санитарлық талаптарды сақтамайтындығы анықталды.

«Кез келген мекеменің кіреберісінде сырттан кірген адамдардың қызуын өлшейтін және қолды дизинфекциялаушы мамандар болу қажет. Өкінішке қарай ауруханада ондай мамандар болған жоқ. Сонымен қатар дәрі – дәрмектерді сақтайтын қойманың температурасы белгіленген нормада емес. Мониторинг жұмыстарының нәтижесі бойынша тиісті органдарға аталмыш кемшіліктерді жою туралы ұсыныстар берілетін болады», - деді жобалық кеңсе сарапшысы Зүльфия Набиулина.

Соңғы жаңалықтар