Ақтөбеде студенттерге ақылы волонтерлық жұмыс ұсынылды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбенің 4 ірі жоғары оқу орнының студенттеріне ақылы волонтерлық жұмыс ұсынылуда. Бұл туралы қаланың жастар ресурстық орталығында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Биылғы жыл еріктілер жылы деп жарияланды. Мемлекет басшысының Жолдауына сәйкес, еріктілер қозғалысын қолдауға биыл квоталар бөлінді. Студент волонтерларға ай сайын 57 мың теңгеден төленіп тұрады. 2020 жылға Ақтөбедегі 4 университеттің, оның ішінде Құдайберген Жұбанов атындағы, Сақтаған Баишев атындағы, Медицина және «Нұр» қазақ-ресей университеттерінің студенттеріне 244 квота бөлініп отыр. Яғни осы жоғары оқу орындарының білім алушылары волонтерлық жұмыспен айналыса отырып, еңбекақы алатын болады. Біз қарттармен жұмыс істеуге көмектесетін осындай 100 еріктіні іздейміз», - деді қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Жандос Табылғанов.

Волонтер болу үшін студенттерге www.qazvolunteer.kz сайтынан тіркеуден өту керек, содан кейін қалалық әкімдіктің ғимаратына келіп, ресрстық орталыққа жүгінуі қажет. Жұмысын аяқтағаннан кейін білім алушыға еңбекақы берілетін болады.

«Ресурстық орталығымыз қарт, жалғызбасты ақтөбеліктер, ардагерлер, тыл еңбеккерлерінің аулаларын қардан тазарту жұмыстарымен айналысады. Біз 50 ауланы тазалауға көмектестік, бірақ өтініштер әлі де келіп түсуде. Тағы 100 ақтөбелікке аулаларын қардан тазартуға көмектесу қажет», - деп атап өтті Ж.Табылғанов.


Самал Ендібаева




Соңғы жаңалықтар