Ақтөбеде тағы бір жел электр стансасы салынады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде инвесторларды тарту және өңірдің инвестициялық ахуалын жақсарту жөніндегі өңірлік кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиында Eni» компаниясының Қазақстандағы өкілі жел электр стансасының екінші кезеңінің жобасымен таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жел электр стансасының құрылысы Қарғалы ауданында жүріп жатыр. Бүгін өңірде өткен инвесторлармен кездесуде «Eni» компаниясының Қазақстандағы менеджері Бекеруччи Джованни құрылыс-монтаж жұмысымен таныстырды. Оның айтуынша, бұл облыстағы алғашқы жел электр стансасы болғанымен «Eni» компаниясының әлемдегі тұңғыш жобасы. Сондықтан инвесторлар үнемі бақылап, құрылыс барысымен танысып отырады.

«Электр стансасының қуаттылығы - 48 МВт. Инвестиция ауқымы – 100 миллион доллар. 2018-2020 жылдарға жоспарланған жоба 20 мың тұрғынды жарықпен қамтамасыз етуге жетеді. Станса жыл соңында іске қосылады. Қазір 450 адам жұмыс істеп жатыр. Станса іске қосылған кезде 15 адам тұрақты еңбек етеді. Ал электр стансасының екінші кезеңі де 48 МВт қуаттылықты құрайды. Құрылыс жұмыстары 2021 жылы аяқталады. Ол жобаның құрылысына 90 миллион доллар жұмсалмақ. Яғни, алдағы 25 жылда жел электр стансасы жұмыс істейді», - деді Бекеруччи Джованни.

Айта кетейік, облыста Түркия, Қытай, Оңтүстік Корея, Германия, Нидерланды секілді елдердің 900-ден астам шетелдік компаниясы жұмыс істейді. Өткен жылдың өзінде өңдеу жұмыстарына 52 млрд теңге инвестиция салынды. Биыл көлемі 140 млрд теңге болатын 25 жаңа инвестициялық жобаны енгізу көзделіп отыр. 2019 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша облыс экономикасының инвестиция көлемі 371,6 млрд теңгені немесе 102,3% артқан.

«Біздің алдымызда экономикалық әлеуетті арттыру, отандық және шетелдік инвесторларды тарту, жұмыс орындарын құру және салық салу базасын кеңейту жөніндегі жұмысты күшейту міндеті тұр. Осыған байланысты салалық басқармаларға, «Қазақ Инвест» компаниясының өңірлік өкілдігіне, «Ақтөбе» ӘКК» АҚ экономиканың түрлі секторларына инвестициялар тарту жөніндегі жұмысты күшейту қажет. Осы жылдың соңына дейін өңір экономикасына шамамен 600 млрд теңге, 2020 жылға қарай 800 млрд теңгеге дейін, 2024 жылға қарай 1,6 трлн теңге тарту көзделіп отыр», - деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин. Инвесторларды тарту және өңірдің инвестициялық ахуалын жақсарту жөніндегі өңірлік кеңестің кезекті отырысы кезінде Астана халықаралық қаржы орталығы басқармасы төрағасының кеңесшісі Болатбек Қуандықов инвесторларға қаржы нарығының қолданыстағы құралдарын таныстырды.

Соңғы жаңалықтар