Ақтөбеде Төлеген Айбергенов пен Шәмші Қалдаяқовқа ескерткіш орнатылды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде ақын Төлеген Айбергенов пен композитор Шәмші Қалдаяқовқа арналған ескерткіш және ескерткіш бюст орнатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде «Әдебиет. Рух. Қоғам» атты екі күндік республикалық әдеби форум өтті. Оған Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, ақын Елена Әбдіхалықова, ақын Бауыржан Жақып, ҚР Жазушылар одағының мүшесі Мереке Құлкенов, композитор Құрманәлі Қалдыбек, Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері қатысты.
«Мен сіздерді Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу қарсаңында, «Рухани жаңғыру« бағдарламасы аясында ұйымдастырылған дәстүрлі «Әдебиет. Рух. Қоғам« форумында көргеніме қуаныштымын. «Алаш« қозғалысының көшбасшысы Ахмет Байтұрсыновтың «өз тілінде сөйлейтін және өз әдебиеті бар халық қана дербес өмірге үміткер бола алатынын ешқашан ұмытпауымыз керек« деген сөзін есте ұстасақ, форумның басты мақсаты қазақ әдебиетінде елеулі із қалдырған Ақтөбе өңірінің көрнекті тұлғаларының есімдерін танымал ету. Сондай - ақ жаңа таланттарды анықтау болып табылады», - деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин. Соңғы жылдары Ақтөбеде Алтын Орда дәуірінің қолбасшысы және мемлекет қайраткері Ер Едігенің, ұлы ойшыл Абай Құнанбаевтың ескерткіштері ашылды.

Киелі нысандар, оның ішінде Абат Байтақ, Хан моласы, Досжан хазірет кесенелері жөнделді. Екі жыл бұрын Темір ауданындағы Тасқопа қорымынан табылған Алтын адамның киімдері қалпына келтірілді. Белгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлерінің қатысуымен ғылыми-практикалық конференциялар өткізілді. Ақтөбе облысынан шыққан атақты ақындар мен жазушылардың үздік шығармаларының жинағы шығарылды. Ал екі күндік форум аясында «Едіге деген ер екен» атты республикалық жыршылар байқауы, Табылды Досымов атындағы бард әндерін орындаушылардың республикалық конкурсы және басқа да іс-шаралар өтті. Сонымен қатар республикалық әдеби байқаудың 10 номинация бойынша жеңімпаздары марапатталды. Оларға Төлеген Айбергенов, Сағи Жиенбаев, Өтежан Нұрғалиев, Тобық Жармағамбетов, Қажығали Мұхамбетқалиұлы, Тахауи Ахтанов, Бәкір Тәжібаев, Үмбетбай Уайдин, Қуандық Шаңғытбаев, Ізтай Мәмбетов сияқты шығармалары қазақ әдебиетінің классикасына енген көрнекті ақтөбелік ақындар мен жазушылар атындағы стипендиялар табыс етілді.
Сонымен бірге композитор Шәмші Қалдаяқов пен ақын Төлеген Айбергеновке арналған ескерткіштердің ашылу салтанаты өтті. Оған Шәмші Қалдаяқовтың әпкесі Райхан Домбаева және ақын Төлеген Айбергеновтің қызы Махаббат Айбергенова қатысты. Ескерткіштер қала орталығында – ағайынды Жұбановтар көшесі бойындағы Ғашықтар аллеясында орналасқан. Төлеген Айбергенов ескерткіш бюстінің биіктігі - 3,2 метр. Шәмші Қалдаяқовтың ескерткіші композитордың қолына музыкалық аспапты алған күйі орындыққа отырғаны бейнелеген.


Соңғы жаңалықтар