Ақтөбеде тұрақтандыру қорын толтыруға 80 млн теңге бөлінді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Тұрақтандыру қорына биыл 100 тонна сәбіз,100 тонна қырыққабат, 200 тонна пияз бен 1400 тонна картоп салынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысы бойынша тұрақтандыру қорына азық-түлік пен көкөніс жеткізіліп жатыр. Қоймаға қыста қымбаттайтын барлық әлеуметтік тауар түрі салынады. Осы арқылы жергілікті әкімдік аса қажет азық-түлік пен көкөністің бағасын бақылауға алмақ. Қазіргі уақытта «Пригородный» көкөніс сақтау қоймасына тұрақтандыру қорының өнімі жеткізіле бастады. Қорға 100 тонна сәбіз,100 тонна қырыққабат, 200 тонна пияз бен 1 мың 400 тонна картоп салынады. Кейін бұл көкөніс желтоқсан мен наурыз айлары аралығында «Табыс» коммуналдық базарында, сондай-ақ шағын базарларда сатылатын болады.

«Жыл өткен сайын тұрақтандыру қорына салынатын көкөніс көлемі артып келеді. Биыл картоп пен қырыққабатқа тапсырыс артты. Көкөніспен қатар 107 тонна І сұрыпты ұн, 75 тонна өсімдік майы, 240 тонна қант жеткізіледі. Күріш пен қарақұмық жармасын сатып аламыз. Негізі жергілікті жерде өндірілетін көкөністің бәрі облыс шаруаларынан алынады. Ал өзге әлеуметтік тауарлар отандық кәсіпкерлерден әкелінеді. Арнайы дүкендерде баға базардан 15-20 пайызға арзан болады», -деді «Ақтөбе» ӘКК агроөнеркәсіп кешені басқармасының басшысы Ермек Батинов.

Айта кетейік, «Ақтөбе» ӘКК мен шаруа қожалықтары көктемде келісімшартқа қол қойды. Келісім бойынша сатып алуға бөлінген қаржының 60 пайызын көктемгі егіс жұмыстары кезінде, қалған ақысын күзгі жиыннан кейін беріледі. Облыстық тұрақтандыру қорын қалыптастыру мақсатында құрылған комиссия бүгін өнімдердің сапасын тексерді.

Соңғы жаңалықтар