Ақтөбеде Жалаңтөс баһадүрге ескерткіш орнатылды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласының орталық көшелерінің біріне Жалаңтөс батырдың ұрпақтары ескерткіш орнатты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыс әкімі ХVI-ХVII ғасырларда өмір сүрген қазақ батыры, әскербасы, Самарқан қаласына әмірлік жүргізген Жалаңтөс баһадүрге арналған ескерткіштің салтанатты ашылуына қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Игі шараға Түркия, Әзербайжан, Ресей Федерациясы, Өзбекстан мемлекеттерінің белгілі ғалымдары және республиканың түрлі аймақтарынан тарихшы ғалымдар мен танымал тұлғалар, зиялы қауым өкілдері, Жалаңтөс баһадүрдің ұрпақтары қатысты.

Салтанатты шараға арнайы келген құрметті қонақтар ғалым Берекет Кәрібаев, ҚР Қорғаныс министрлігінің бас штаб бастығының орынбасары, батырдың ұрпағы генерал-майор Талас Мұхамеджанов, ақын Светқали Нұржанов, Қызылорда облысының құрметті азаматы Нажмадин Мұсабаев, ҚР Мәжіліс депутаты, ақын Бақытбек Смағұл қолбасшы батырдың өмірінен сыр шертіп, тарихи деректерді келтіріп, рухты жырларын арнады.

Аталған ескерткіш «Жалаңтөс Баһадүр Сейітқұлұлы» қайырымдылық қорының қаржысына салынған. Ескерткішке жұмсалған қаржы көлемі – 110,0 млн теңге. Қоладан құйылған ескерткіштің жалпы биіктігі 5,15 метр. Ескерткіш авторлары белгілі мүсінші Тоқтар Ермеков және Жеңіс Жұбанқосов.

«Соңғы жылдары Елбасының бастамасымен қаламызда көне тарихтан сыр шертетін қоғам қайраткерлері мен тарихи тұлғаларға - Сәрке батырға, Нағашыбай Шайкеновке, Бөкенбай батыр Қарабатырұлына ескерткіштер ашылды. Елімізге еңбегі сіңген 20-дан астам тұлғаның тұрған үйлеріне мемориалды тақта орнатылды. Алдағы уақытта Едіге батырға, Есет Көкіұлына, Шәмші Қалдаяқовқа, Мәншүк Мәметоваға ескерткіш орнату жоспарланған. Ал бүгін ашылып отырған Жалаңтөс баһадүр ескерткіші де халқымыздың даңқты қолбасшысына көрсетілген ерекше құрметі. Жалаңтөс баһадүр XVI-XVII ғасырдағы саяси-әлеуметтік жағдайға тегеурінді ықпалын жүргізген әйгілі жаһангер, ұлы қолбасшы, көреген стратег, білікті мемлекет қайраткері ретінде тарихта аты қалған ұлы тұлға. Халқына еңбегі сіңген даңқты тұлғаларына лайықты құрмет көрсету, есімін ел жадында қалдыру – ерлігіміздің даңқы, елдігіміздің нышаны», - деп атап өтті өңір басшысы О.Оразалин.

Соңғы жаңалықтар