Ақтөбеде жан саны 250 адамнан асатын ауылдарға интернет тартылып жатыр

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде халық саны 250 адамнан асатын ауылдарға интернет тартылып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алға ауданы, Қарақобда ауылына кең жолақты интернет желісі тартылып жатыр. Мұндағы тұрғындар көп ұзамай ғаламторға еш кедергісіз кіріп, шалғайдағы ет жақындарымен байланысқа шыға алады. Қарақобда ауылында 500-ге жуық адам тұрады. Тұрғындар орталықтандырылған ауыз суды тұтынып, көгілдір отынның қызығын көріп отыр. Таяуда ауылға кең жолақты интернет іске қосылса, мұндағы өмірдің қаладан еш айырмасы болмайды Бұл тұрғындар тілегі бойынша Nur Otan партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасына еніп, арнайы дайындалған Жол картасы бойынша жүзеге асылды. Құжатта көрсетілген индикатор бойынша халық саны 250-ден асатын 97 ауылда 3G мобильді кең жолақты интернетпен қамтылады. Қазір соның 91-і жүзеге асты. Жоспардың орындалуын облыстық мәслихат депутаттары, яғни, осы партияның фракция мүшелері бақылауға алған.
«Интернет желісін қондырса, балаларымызбен бейнебайланыс арқылы еркін сөйлесіп, қасында болғандай әсер аламыз. Техниканың жетістігі бізге жеткеніне қуаныштымыз», - деді ауыл тұрғыны Лариса Ауданбаева.
Жалпы Алға ауданындағы ауылдардың 70 пайызында интернет бар. Жыл соңына дейін межені 75-80 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл іс негізінен демеушілердің көмегімен жүзеге асып, аудан бюджетінен аздаған қаражат бөлінеді.

Соңғы жаңалықтар