Ақтөбеде жол апатынан соң бір отбасының бес адамы ауруханаға түсті

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде жеңіл және жүк көлігі соқтығысты. Салдарынан ерлі-зайыпты мен үш баласы ауруханаға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға Самара-Шымкент тасжолының Ырғыз ауданы, Құмтоғай ауылы маңында болды.

«Мersedes AMG» автокөлігінің 55 жастағы жүргізушісі қарсы қозғалысқа арналған жолаққа шығып, «DAF» жүк көлігімен соқтығысқан.

«Салдарынан «Мersedes AMG» автокөлігінің жүргізушісі, әйелі мен кәмелетке толмаған үш баласы (2020, 2014, 2012 жылы туған) түрлі жарақатпен медициналық мекемеге жатқызылды. Жол-көлік оқиғасы бойынша ҚР ҚК 345-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Полиция департаменті шаршаған жүргізуші жолдағы қауіптің көзі екенін еске салады», - деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Айта кетейік, Ақтөбеде «ЗАЗ-Шанс» автокөлігінің 55 жастағы жүргізушісі, Қурайлы кентінің тұрғыны Алға ауданында жай жолмен жүріп, рульді басқара алмай қалған. Салдарынан Қарақобда өзеніне аударылып кеткен . Көлік ішіне су толып, жүргізуші қаза тапты.

Сонымен бірге «Самара-Шымкент тасжолында «Хово« маркалы жүк көлігі жылдамдықты бәсеңдетпей, №21 бағыттағы автобусқа соқтығысты.

Сол кезде автобуста 45 жолаушы болған. №21 бағыттағы автобус қозғалып, ол №45 бағыттағы автобусқа соқтықты.

Онда 33 жолаушы болған. Жол-көлік апатынан кейін жеті жолаушы түрлі дене жарақатымен жедел жәрдем ауруханасына түсті.


Соңғы жаңалықтар