Ақтөбедегі өрт: Арнайы комиссия құрылды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Мұғалжар ауданында газ баллон жарылып, бір бала көз жұмды. Қазір арнайы комиссия құрылып, шығынды есептеп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

24 ақпан күні сағат 23:51-де Ақтөбе облысы ТЖД кезекші-диспетчерлік қызметіне Мұғалжар ауылы, Зауыт көшесіндегі үйде газ баллон жарылып, артынан өрт шыққаны туралы хабарлама түсті. Мұғалжар ауылының өрт сөндіру бөлімі, полиция және жедел жәрдем бригадасынан 13 адам және 4 техника оқиға орнына дереу жетті. Бүгін облыстық төтенше жағдайлар департаменті оқиғаның мән-жайын түсіндірді.

«Өрт сөндіру қызметі Ембі қаласынан барды. Екі арадағы қашықтық 37 шақырым. Өрт сөндіру қызметі барған кезде үйдің екі қабырғасы құлағаны белгілі болды. Оқиға орнында күйік шалған екі адам құтқарылды. Мамандар баланың мүрдесін алып шықты. Көршілерінің айтуынша, түнде 50 л газ баллон үйге кіргізілген. Жарылып, кейін арты өртке ұласқан», - деді Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Марғұлан Аманбаев.

Қазір аман қалған үй иесі мен орның баласы жансақтау бөлімінде жатыр, ал әйелі дін аман. Ол ауылдағы тума-туыстарының үйінде.

«Үй иесінің денесіндегі күйік 65-70 пайызды құрап отыр. Сонымен бірге 1998 жылы туған баланың қолы күйген. Көлемі 20% болды. Жедел жәрдеммен аудандық ауруханаға түсті. Қазіргі кезде 53 жастағы отағасының жағдайы аса ауыр. Ал баланың жағдайы ауыр. Екеуі де жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы бірқалыпты болған кезде санавиациямен облыс орталығына жеткізіледі», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров.

Мұғалжар ауданына қарасты Мұғалжар ауылында 330 үй бар. Онда 2 мыңға жуық адам тұрады. Мұнда газ құбыры тартылмаған. Әзірге тек жобалық-сметалық құжат дайындалып жатыр.

«Жедел комиссия құрылды. Құрамында төтенше жағдайлар қызметі, полиция, аудан әкімдігінің өкілі мен депутаттар бар. Үй жарамсыз күйге түскен. Ауылда бос тұрған 2-3 үй бар екен. Ең жарамдысын бюджеттен тыс қаржыға сатып алатын боламыз. Үйге қажетті тұрмыстық техника ірі өндіріс орындары, кәсіпкерлердің қолдауымен алынады. Сонымен бірге өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыға көмек көрсететін комиссия отырысы өтеді. Бюджеттен де қаржы бөлінеді. Жерлеу рәсіміне көмек беріледі», - деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауов.


Соңғы жаңалықтар